Астанада әлеуметтік кәсіпкерлердің алғашқы халықаралық саммиті өтіп жатыр

Елдегі әлеуметтік кәсіпорындарды қаржыландырып, олардың әлеуетін арттыру қажет. Астанада әлеуметтік кәсіпкерлердің халықаралық саммитінде сарапшылар осылай деді.

Алғаш рет жаһадық деңгейде өтіп жатқан шараға отандық бизнес өкілдерінен бөлек, Германия, Канада, Малайзия және ТМД елдерінің 700-ге жуық делегаты жиылды. Қатысушылар панельдік сессияларда саладағы қолдау тетіктерін, халықаралық тәжірибе мен гранттар мәселелерін талқылайды. Саммит аясында әлеуметтік кәсіпкерлердің өнімдері ұсынылған көрме де ұйымдастырылды. Ол қазақстандық бизнес өкілдерінің шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік бермек.

Эмин Әскеров, Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті:

- Мақсатымыз – тек инвесторларды тартып қоймай, әлеуметтік жобаларға қайтарымсыз инвестиция құятын халықаралық ұйымдармен жұмыс істеу. Бүгінде еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау тетігі жақсарып келеді. Жуырда ғана «әлеуметтік кәсіпкерлік» бағыты бойынша магистратура бағдарламасына 20 мемлекеттік білім гранты бөлінді. Мұндай шара осы салаға жаңа серпін береді деп нық айта аламыз.

Ақбота Аруова, әлеуметтік кәсіпкер:

- Әлеуметтік кәсіпкер ретінде мемлекет тарапынан 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант алдық. Одан бөлек, 7 пайыз «Дамудың» несиесін алдық, субсидиялық жұмыс орындарын қолданып жатырмыз. Негізі пайдасы өте көп. Әлеуметтік кәсіпкердің ең басты мақсаты – қоғамға және елімізге пайда тигізу.

Сондай-ақ оқыңыз: