Астанада NUMORI мен Saz&Soul өнерпаздары қазақ және корей әндерін орындады
Астанада Оңтүстік Кореяның NUMORI тобы мен Қазақстанның Saz&Soul вокалды-аспаптық ұжымының бірлескен концерті өтті, деп хабарлайды «24KZ» ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеште екі елдің дәстүрлі музыкасы заманауи сарында тыңдарманға ұсынылды.
NUMORI тобы корейдің дәстүрлі музыкасын K-pop, K-rock, электронды музыка және блюз-рок элементтерімен ұштастырған шығармаларды орындады. Ал Saz&Soul ұжымы ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен ән шырқады.
Бағдарлама «Керім-ау, айдай», «Дудар-ай», «Сырғалым», «Сүгірдің термесі», «Махаббат – мәңгі ертегі» әндерін, «Ақжелең», «Сарыжайлау», «Жем суының тасқыны» күйлерін және NUMORI репертуарындағы шығармаларды қамтыды. «Ариран» корей халық әні домбыраның сүйемелдеуімен шырқалды.
Оңтүстік Кореяның өнерпаздары қазақтың «Назқоңыр» халық әнін де орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Концерт Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының халықаралық шығармашылық ынтымақтастықты дамыту және ұлттық музыкалық мұраны дәріптеу бағытындағы жұмысы аясында өтті.