Сот сараптамасына жаңа технологиялар енгізіліп жатыр
Отандық сот-медициналық сарапшылардың жүктемесі азайды. Бұл жасанды интеллект технологияларын енгізудің арқасында мүмкін болды.
Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда осылай деді. Оның айтуынша, жасанды интеллект маманды толық алмастыра алмайды. Алайда күнделікті жұмысты істеуге, яғни хаттамалар мен қорытындыларды дайындау процесін оңтайландырады. Сондай-ақ мамандар сот-медициналық сараптамаға виртуалды аутопсия әдісін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл – мәйітті кеспей, инвазиялық араласусыз зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи тәсіл. Қазақстанда оны алғашқылардың бірі болып Атырау облысының сарапшылары пилоттық режимде сынақтан өткізді. Қазір Әділет министрлігі бірқатар өңірге қажетті жабдықтарды сатып алып, оны орнатып жатыр. Алдағы уақытта виртуалды аутопсияны күнделікті сараптама жұмысына енгізу көзделген. Айта кетерлігі, бүгінгі конференцияға 11 мемлекеттің өкілдері қатысты. Олар бірнеше меморандумға қол қойды. Соның негізінде отандық мамандар шет елдерге барып, біліктілігін шыңдай алады.
Бақытжан Байтілесов, ҚР ӘМ сот сараптамалары орталығының директоры:
- Сарапшыларда жүктеме жоғары. Заң бойынша бір сараптамаға 30 күн кететін болса, бір қарап кетемін дегенше, сараптаманың мерзімі өтіп кетеді. Сол себепті мына сараптаманы тездетіп бітіріп, екіншісіне өтуге әлдеқайда көмегі бар жасанды интеллектінің. Алайда ЖИ бізге әлі 100 пайыз енгізілген жоқ, десе де цифрландыру бізде 100 пайыз жасалған. Келесі жылдың бірінші тоқсанында 100 пайыз енгізіледі.
Ұлықбек Әріпханов, Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институты директорының орынбасары:
- Сот медицина сараптамасындағы виртуалды аутопсияны сарапшылардың жұмысына енгізу. Бұл – қайтыс болған адамдардың инвазиялық зерттеусіз кеспей зерттеу. Бұл практика әлемнің бірқатар мемлекетінде бар. Біз сол алдын ала осы практикамен танысып, Қазақстанда енгізетін боламыз.