Алматыда ТЖД қызметкерлері рейдке шықты

Алматыда жылу маусымы қарсаңында өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық шаралар күшейді. 

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қаланың тұрғын үй секторларында рейд жүргізіп жатыр. Әсіресе ескі үйлер мен пешпен жылытылатын баспаналар ерекше назарға алынды. Құтқарушылар мен жергілікті әкімдік қызметкерлері бірлесіп ысты анықтайтын 50-ге жуық дабылқаққыш орнатты. Сондай-ақ мұржалар тазаланып, еріктілер азық-түлік себеттерін жеткізді. Мұндай көмекті үйі аязға дайын емес, табысы төмен отбасылар алады. Былтырғы жылу маусымында мегаполистегі тұрғын үйлерде 194 өрт тіркеліп, 4 адам жарақат алды. Құтқарушылардың сөзінше, өрттің шығуына көбіне тозған электр сымдары себеп. Тұрғындардың пеш пен электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбауы да оқыс жағдайға әкеледі.

Ақтыныс Әлтебаева, ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы:

-  Балаларды үйде жалғыз қалдырмаңыздар. Өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң түрде сақтаңыздар. Әсіресе мынау жылыту маусымының қарсаңында дайындық шараларын жасаңыздар. Пештеріңізді тазартыңыздар. Ақауы бар пештерді қолданбаңыздар. Электр құралдарының дұрыс жұмыс жасауына көңіл бөліңіздер.

Сондай-ақ оқыңыз: