ASAU 2026: үздік сарбаз анықталды

Алматы облысы Қонаев гарнизонының үздік сарбазы анықталды. Өңірде «ASAU 2026» әскери-патриоттық сайысы қорытындыланды.

Жобаның басты мақсаты – «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеу, әскери қызмет пен ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау болды. 

Қорытынды алтыншы кезеңде альпинистік қабырғаға жылдам өрмелеп, нысанаға дәл тигізген Бақтұр Мұрат Қонаев гарнизонының үздік сарбазы атанды. Ол әскер қатарына төрт ай бұрын шақырылған. Ұлттық ойындардан бастап жүзу, дронмен барлау және атыс дайындығына дейін бірнеше кезеңнен сүрінбей өткен жас сарбаз сегіз қарсыласынан озып шықты.

Бақтұр Мұрат, 26360 әскери бөлімінің сарбазы:

- Сезім өте керемет, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Басында бұлай болады деп ойлаған жоқпыз. Соңына қарай осылай шынайы екенін сездік. Өте қатты қуаныштымын. Патриоттық рухым көтерілді. Адамның қаншалықты мықты екенін көрсетті. Президент ұсынған «Ақ боз үй» деген кітап бар ғой, Смағұл Елубайдың кітабы. Сол кітапты берді, өзіміз оқыдық. Жан-жақты дамыдық.

«ASAU» сайысының іріктеу кезеңіне 4 мыңға жуық сарбаз қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба әскери қызметтің беделін арттырумен қатар жас сарбаздардың жан-жақты дамуына бағытталған. Қатысушыларға жауынгерлік даярлықтан бөлек, кітап оқу, заманауи технологияларды меңгеру және зияткерлік тапсырмаларды орындау бойынша талап қойылды. 

Қуаныш Зұлқашев, Қонаев гарнизоны әскери прокурорының орынбасары:

- Бұл жобаның негізгі мақсаты – «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және де әскердің имиджін арттыру. Әр гарнизонның үздік сарбазын анықтап, болашақта Республиканың, Қазақстан Республикасының үздік сарбазын анықтап отыру деген ой бар.

Алматы облысында алғаш рет өткен «ASAU 2026» сайысында сынға түскен сарбаздар гала-концертте марапатталды. 

Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дүйсембай

Сондай-ақ оқыңыз: