Ақтауда әскер сапындағы сарбаздар «Бүркіт» ансамблін құрды

Ақтауда әскер сапында жүрген бір топ сарбаз вокалды-аспаптар ансамблін құрды. Алматы, Ақтөбе және Ақтауда дүниеге келген өнерлі жастар күнделікті жаттығудан бос уақытта сахнаға шығып, шығармашылық қабілетін шыңдап жүр, деп хабарлайды 24KZ.

Әскер сапындағы вокалды-аспаптар ансамблі «Бүркіт» деп аталады. Шығармашылықты топты биыл көктемгі әскерге шақыртумен келген өнерлі жастар құрған. Құрамында солист, екі гитарист, барабаншы, синтезаторда ойнайтын музыкант бар. Ансамбльге 27 жастағы Ербол Әзімов жетекшілік етеді.

Ербол Әзімов, №51809 ә/б қатардағы жауынгері:

– Әскери бөлім басшылығы рұқсат берген соң, кастинг жариялап, жеке құрам арасынан өнерлі сарбаздарды іздедік. Нәтижесінде, бес талантты жауынгер біздің топқа қабылданып, дайындықты бастадық. Репертуарымызда бірнеше эстрадалық ән бар. Ендігі жоспарымыз – қазақ әскері туралы жаңа ән жазу. Сондай-ақ шығармашылық байқауларға қатысып, бағымызды сынап көргіміз келеді.

Қатардағы жауынгер Ербол Әзімов армияға дейін музыкалық мектепте білім алған. Солист ретінде көпшілікке танылған ол домбыра, гитара, пианино секілді музыкалық аспаптарда еркін ойнайды. Ақтауда дыбыс жазу студиясын ашып, балалар мен ересектерді өнерге баулыған. Енді қарулас жолдастарымен бірге шығармашылық қабілетін дамытып жүр. Ал 22 жастағы Керуен Қаракенов ансамбльдің бас-гитарисі. Алматы қаласының тумасы күрделі аспапта ойнауды ғаламтордан үйреніпті.

Керуен Қаракенов, №51809 ә/б қатардағы жауынгері:

– Гитарада жеке ойнауға қарағанда, ансамбль құрамында өнер көрсету әлдеқайда қиын әрі жауапты жұмыс. Топ құрамындағы өзге де музыканттарды тыңдап, кәсіби деңгейде өнер көрсету көп уақытты қажет етеді. «Бүркіт» тобының алғаш сахнаға шығуы әскери бөліміміздің 75 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келді. Өнеріміздің қарулас жолдастарымыздың көңілінен шыққанын көріп, қуандық.

Қайрат Нұртаев, №51809 ә/б командирінің орынбасары:

– Сарбаздар жауынгерлік дайындықтан бөлек өзінің ұнататын істерімен де айналысады. Бұл жұмысқа біз ерекше көңіл бөлеміз. Әскери бөлімге әркім өзінің мамандығымен келеді. Көбісі колледж бітіріп келген. Соның ішінде музыкалық мамандықтар бар. Суретшілер бар деген сияқты.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Ербол Әзімов Отан алдындағы борышын өтеген соң келісімшарт бойынша әскер сапында қалуды армандайды. Ақтау гарнизоны құрамындағы өнерлі жауынгерлердің үлкен сахнаға шығуына жол ашуға ниетті. Әскери тақырыптағы әндерді жазып, өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін ұштауды жоспарлап та қойған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Сондай-ақ оқыңыз: