БҚО-да тауарлы балық өндірісі артып келеді
Қалауын тапса, қар жанар. Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданындағы су қоймаларының бірінде бекіре балығы өсірілуде. Осы арқылы кәсіпкер жергілікті нарықты қара уылдырықпен қамтуды көздеп отыр.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Біз қазір Тоғанас ауылындағы тоған басында тұрмыз. Дәл осы жерде су астына тор құру тәсілі арқылы бекіре балығы өсірілуде. Мынандай үш бассейннің әрқайсында 150-ден бекіре балығы бар. Олардың салмағы 5-6 келіге жуықтайды.
Сыйымдылығы 6 млн жарым текше метрлік Аңқаты су қоймасын Станислав Фесенко өз достарымен бірге 2020 жылы жалға алыпты. Содан бері айдынға шабақтарды жіберіп, балық қорын көбейтумен айналысады. Соңғы жылдары су ішіндегі қоршау арқылы бекіре балығын өсіруді бастапты.
Станислав Фесенко, кәсіпкер:
- Осы қоршаулардың ішінде сүйрік, орыс бекіресі және сібір бекіресін өсіріп жатырмыз. Бекіре балығының бабын табу оңай емес. Ағыс керек, оттегі мол болу үшін күні-түні үзбей аэрация жасаймыз. Күн ыстықта суға ауа айдайтын қосымша құрылғылар қоямыз. Ең қиыны – азық мәселесі. Тұқы балықтары секілді дәнді дақылдардың қалдығымен, жеммен қоректендіре алмайсың. Азықты арнайы Германиядан алдыртамыз. Сонда ғана бекіре өседі.
Бастапқыда бағымын білмегендіктен, балықтан біраз шығын болғанын кәсіпкер жасырмайды. Кейін ғаламтордан қарап, іздену арқылы тірлігін түзепті. Кәсіпкердің көздегені құны алтынмен тең қара уылдырық алып, жергілікті нарыққа жеткізу.
Станислав Фесенко, кәсіпкер:
- Сүйріктер 3 жылда уылдырық шашса, орыс бекіресі 7 жылдан кейін ғана уылдырық бере бастайды. Бұл балықтарды қазір біз етке өткізсек, одан еш пайда көрмейміз. Жеген азығын да ақтамайды. Сондықтан бірнеше жыл күтіп уылдырық алғымыз келеді. Бекіренің уылдырығына сұраныс қашан да жоғары.
Батыс Қазақстан облысында 176 су қоймасы болса, бүгінде соның 64-і балық өсіру үшін табиғат пайдаланушыларға жалға берілген. 33 көл-тауарлық балық өсіру шаруашылығы құрылған.
Есбол Төлеміс, БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
- Жалпы балық шаруашылығына арналған мемлекеттік қолдау шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. Атап айтқанда, субсидиялау бағдарламасы бар, аквамәдениет шаруашылығын қалыптастыру, асыл тұқымды балық шаруашылығын дамытуға байланысты субсидия бар. Биыл 26 млн 491 мың теңге қаражат бөлінді жергілікті бюджеттен. Бұдан бөлек, инвест салымдарды салу кезіндегі шығыстарды өтеу бойынша субсидиялау бар. Бұған 89 млн ақша бөлінді.
Мемлекеттік қолдау шаралары арқасында өңірде тауарлы балық өндірісі артып келеді. Егер былтыр жалға берілген су айдындарынан 636 тонна тауарлы балық ауланса, биыл бұл көрсеткішті 1767 тоннаға жеткізу жоспарланған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов