Маңғыстау облысында жарақатынан айыққан көкмаңдай көлге жіберілді

Қанаты сынып, арнайы орталықта емделген көкмаңдай Маңғыстаудағы Қаракөл су қоймасына жіберілді. Сирек кездесетін құсты мамандар екі апта бойы емдеп, жарақатынан айықтырды.

Табиғи мекеніне жіберілген құстың жай-күйін ары қарай табиғатты қорғау инспекторлары бақылайды.

Көкмаңдай Қаракөлге жүрдек көлікпен жеткізілді. Ветеринар-орнитолог мамандар құстың алыс жолдан демалуы үшін торлы қораптан шығармай, көл жиегінде біраз уақыт тұрды. Инспекторлармен кеңесе келе су қойманың қанаттыға қолайлы саналған аумағына жіберді. 

Талғат Исламұлы, тілші:

Көкмаңдайлы тырнақанаттылар тобына жатқызылады. Бұл құс Африка, Аустралия және Еуропада көп кездеседі. Ал Қазақстанда Жайық өзені және Каспий теңізі маңынан көзге түседі. Мамандардың жарақатынан сауыққан құсты Қаракөлге жіберуі бекер емес. Табиғат инспекторлары қорғайтын аумақта ұсақ балық көп.

Әділбек Қозыбақов, орнитолог:

- Бұл өте қуантарлық жағдай. Сондықтан біздер осы жағдай жалғаса береді деп күтеміз. Болашақта құстарымыздың саны көбейеді деген үмітіміз бар. Бұған дейін жарақатталған жабайы құстарды оңалту орталығы облыста болмаған. Яғни біздерге хабарласқан жағдайда аумақтық инспекцияға хабарлап, оны Қаракөл көліне осындай оңалтудан өткізбей жіберіп жүрдік. 

Елде сирек кездесетін құстарды оңалту орталығы биыл Ақшұқыр ауылында ашылды. Ветеринарлық емхана мамандары жараланған қанаттыларды емдеп, кейін табиғи мекеніне жібереді. Бұған дейін осы орталыққа қарақұс, күйкентай секілді бірнеше құс әкелінген. Қазірде 12 қанаттыға ем жасалуда.  

Алина Шарипова, ветеринар-дәрігер:

- Құсты бізге жергілікті тұрғын алып келді. Ренгтгенге түсіріп, қанатының зақымданғанын білдік. Станционарлық емдеу кезінде көкмаңдайды қолдан қоректендірдік. Күш жинап, өздігімен жемін жей алатын күйге жеткен соң Қаракөлге әкеліп тұрмыз. 

Тұрғанбай Шапағатов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

- Құсымызды мына Қаракөл көліне жібергеннен кейін одан әрі бақылау осы инспекторлардың жұмысы. Күнделікті бақылап, оның одан әрі бейімделіп кетуіне ықпал ететін болады.

Маңғыстау облысы аумағынан көктем-күз айлары мыңдаған жыл құсы ұшып өтеді. Балдыры көп, шабақ пен су шаянға бай жасанды көлге аялдап, қоректенеді. Арасында сыбырлақ аққу, қызғылт қоқиқаз секілді еліміздің қызыл кітабына енген қанаттылар да бар. Құстар Қаракөлдің жағасында күш жинаған соң, жылы жаққа сапарын жалғастырады. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Сондай-ақ оқыңыз: