Жамбыл облысында шаруаларға субсидия уақытында төленбеген
Жамбыл облысында балық шаруашылығымен айналысатындар мемлекет беретін субсидияны 2 жыл кешіктіріп алды. Осы аралықта шығын көбейіп, біразының кәсібі тұралай бастаған. Көмек қаржы прокурорлар араласқаннан кейін ғана төленді.
Жалпы өңірде соңғы жылдары жасанды тоған көбейіп, бұл кәсіпке қызығушылар қатары артқан. Олар биыл 2,5 мың тонна балық өндіруді жоспарлап отыр.
Мерей Бает, тілші:
- Біз қазір Жамбыл облысындағы ең үлкен балық шаруашылығында жүрміз. Мұнда 57 бассейн бар. Әрқайсысында мынадай 12 мың шабақтан өсіп жатыр. Балықшылардың айтуынша, шабақтан дайын өнімге дейін балықтың өсіп шығуы үшін 7-8 ай уақыт қажет.
Нұрхан Қойлыбаев балық шаруашылығымен 2 жылдан бері айналысады. Шаруа бақтақтың 4 түрін және сазан мен тұқы өсіреді. «Биыл 300 тонна өнім сатуды жоспарлап отыр. Алайда бұл шығыны көп кәсіп», - дейді. Жемнің өзіне біраз ақша жұмсайды. Мысалы, жыл басынан бері 100 тонна жем алдырған. Шығынды азайту үшін 2 кәсіпкермен бірігуге тура келіпті. Айтуынша, мемлекеттен берілетін субсидия да уақытында берілмейді.
Нұрхан Қойлыбаев, кәсіпкер:
- Суға ақша төлеу керек. Жем өте қымбат, экспорттың жемі. Бағамы мыңның үстінде. Соның 30 процентін қайтарса, көмек қой ол бізге қазір аяққа тұрғанға. Өйткені бұл балықты әкеліп жібересің, кейбірі жойылады, біз ойлағандай болмайды. 500 мың балық жіберсең, 100 мыңға шығын болады. Бізде таныс көп қой шаруашылықтар. Майдалары бар, үлкендері бар. Қазір көбісі жабылуға тырысып жатыр.
Балық шаруашылығын қолдау үшін мемлекеттен субсидия қарастырылған. Яғни жемге жұмсалған қаржының 30 пайызын мемлекет өтейді. Алайда 18 шаруашылық 2 жылдан бері шығынның өтемін ала алмаған. Іске биыл прокуратура араласып, 9 кәсіпкерге 119 млн теңге төленді.
Данияр Кемелхан, облыстық мамандандырылған Табиғат қорғау прокурорының орынбасары:
- Бастапқыда бюджеттен төлететін қаржының жоқтығына байланысты болған. Кейін ол Салалық басқарманың құжаттарды рәсімдеу барысында жіберілген кемшіліктеріне сәйкес орын алды. Қазіргі уақытта 18 аквакультура субьектілеріне өтінімдер қабылданып, олардың 9-на субсидия төленді. Қазіргі уақытта басқарма тарапынан қалған аквакультура субьектілеріне субсидия төлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы өңірде 49 шаруашылық балық өсіреді. Биыл олар 2,5 мың тоннадан астам өнім өндіруді жоспарлап отыр. Ал балық қорын молайту, қорғау және қажетті құжаттарды рәсімдеуге сала мамандары қолдау көрсетеді.
Нұржамал Көлбаева, Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:
- Балық өсірумен айналысқысы келетін және осындай жергілікті маңызы бар су айдындарының резервтік су айдындары бар бос тұрған. Сол бос тұрған су айдындарын пайдаланғысы келетін әрбір азамат бізге инспекцияға келіп, тізімін білуге болады. Және конкурстың өтетін мерзімін білуге болады. Электронды түрде сол конкурсқа қатысып, өзінің талап етілген құжаттарын өткізіп, өзіне ала алады.
Облыста балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. «Сол жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай тауарлы балық өнімі өңірде 8 мың тоннаға жетеді», - дейді жауаптылар.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә
***