Өскемендегі қоқыс өңдеу зауытына инвестор қажет

Өскеменде қоқыс өңдеу зауытын салуға инвестор іздестіріліп жатыр. Қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын цехтар болғанымен, қоқысты терең өңдеу жүйесі жолға қойылмаған.

Жобаға қытайлық компаниялардан қызығушылық бар. Жергілікті әкімдік пен Үкімет тарапынан кәсіпкерлерге тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату тетіктері де ұсынылып, оның тарифтері бекітілген.

Өскемендегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына жыл сайын 150 мың тоннадан астам қоқыс жиналады. Қазір полигон лық толы. Алдағы жылы пайдалану мерзімі аяқталады. Экология департаментінің нұсқамасы бойынша нысан жабылуы тиіс. Жергілікті билік қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыратын жаңа полигон салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қаладағы қоқыс сұрыптайтын желінің құрылысына жеке және мемлекеттік инвестиция есебінен 4 миллиардтан астам теңге құйылды. Дегенмен кейін сұрыпталған тұрмыстық қалдықтар терең өңдеу үшін Алматы мен Қонаевқа жөнелтіліп отырған. Жол шығыны жобаның тиімділігін айтарлықтай төмендетті. Ал жаңа зауыт тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жүйесін тікелей өңірде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Роман Честных, эколог:

- Кәсіби эколог ретінде қалдықтарды пиролиз әдісімен өңдеген дұрыс. Бұл тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратудың ең тиімді тәсілі. Ал өңір жағдайында кейбір инвесторлар ұсынып отырған қоқысты жағу тәсілі, әсіресе сыбайлас жемқорлық тәуекелдері тұрғысынан алғанда күмән тудырады.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары қытайлық инвесторлармен келіссөз жүргізуге көшті. Компаниялар қоқысты электр энергиясына айналдыруға дайын. Мемлекет өндірілген электр қуатын түгел сатып алуға кепілдік береді. Оның әр киловатт-сағаты 55-130 теңге аралығында бағаланбақ. Энергетиктердің есебінше, инвесторларға ұсынылып отырған шарт өте тиімді.

Аяулым Қайдарова, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
- Инвесторларға екі нұсқа ұсынылды. Біріншісі – аукциондарға қатысу. Мұндай жағдайда электр энергиясының ең жоғары бағасы киловатт-сағатына 130 теңге болады. Екіншісі – инвестициялық келісім жасасу. Ол бойынша электр энергиясының киловатт-сағатына 55 теңге көлемінде белгіленген тариф қарастырылған.

Өскеменде тәулігіне 350 тонна қоқыс жиналады. Зауыттың толық қуатпен жұмыс істеуі үшін бұл көлем жеткіліксіз. Сондықтан Экология және табиғи ресурстар министрлігі деңгейінде ескі полигонды рекультивациялау мәселесі қарастырылып жатыр. Оның аумағында мол қоқыс қоры бар. Оның бәрі кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз етуге жеткілікті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын жиналатын 5 миллион тонна қалдықтың не бары 792 мың тоннасы қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл – жалпы көлемнің шамамен 14 пайызына тең.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов

Сондай-ақ оқыңыз: