Ұлттық ұланда сарбаздардың тамақтануын жасанды интеллект бақылайтын болды
Көкшетаудағы Ұлттық ұланның 5510 әскери бөлімінде әскери қызметшілердің тамақтануын бақылауға арналған жасанды интеллект жүйесі іске қосылды. Енді сарбаз асханада өзіне ұсынылған тағамның құрамындағы ақуыз, май, көмірсу мен калория мөлшерін көріп қана қоймай, оның сапасын бағалай алады, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Ұлттық ұланының мәліметінше, бұл мүмкіндіктерді жасанды интеллект технологиясына негізделген отандық «E-Qamqorlyq» бағдарламалық-аппараттық кешені қамтамасыз етеді. Оның құрамындағы FoodPos құрылғысы ас үлестіру желісіне орнатылған. Жергілікті жасанды интеллект әскери қызметшінің табағындағы тағамдарды танып, олардың көлемін анықтайды. Осы мәліметтердің негізінде тағамның энергетикалық құндылығы мен негізгі қоректік құрамдас бөліктері есептеледі.
Жаңашылдықтың тағы бір ерекшелігі – әскери қызметшілердің пікірі ас мәзірін қалыптастыру кезінде ескеріледі. Тамақтан кейін әр тағамға баға беруге болады. Егер белгілі бір тағам төмен бағаланса немесе оның едәуір бөлігі желінбей қалса, бұл ақпарат цифрлық жүйеге түсіп, кейінгі мәзірді әзірлеуде пайдаланылады.
Пилоттық жоба іске қосылған алғашқы айларда Q-Voice цифрлық кері байланыс панелі арқылы шамамен 1,5 мың баға жиналған.
«E-Qamqorlyq» кешені асханадағы тамақтанумен ғана шектелмейді. Жүйе азық-түлікті сатып алу мен сақтаудан бастап, санитариялық талаптардың орындалуы мен қызметкерлердің жұмысқа рұқсаттарын бақылауға дейінгі процестерді цифрландыруға мүмкіндік береді.
Мәселен, Q-Store қоймадағы азық-түліктің есебін жүргізіп, жарамдылық мерзімін бақылайды. Q-HACCP асханадағы температура, ылғалдылық және санитариялық талаптардың сақталуын қадағаласа, Q-Staff қызметкерлердің жұмыс уақытын және медициналық рұқсаттарын бақылауға мүмкіндік береді.
Жүйе қазір 5510 әскери бөлімінде сынақтан өтіп жатыр. Пилоттық жобаның нәтижесі тиімді болған жағдайда, оны Ұлттық ұланның басқа әскери бөлімдеріне де енгізу жоспарланған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз