Өскеменде жасанды интеллект курсын тегін оқуға болады  

Шығыс Қазақстан облысында 200 адам тегін IT курсын оқып жатыр. Жасанды интеллект негіздерін меңгергеннен кейін олар өз бағдарламасын дайындап, стартап жобасын сатуға мүмкіндік алады. 

Мамандардың айтуынша, курсқа қызығушы көп. Жасанды интеллекті барлық салаға етене еніп жатыр. «Демек цифрлық сауаттылықты арттыру маңызды» дейді олар. 

Өскемендегі IT-курстарға түрлі салада жұмыс істейтін жандар қатысып жүр. Жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Көпшілігі жасанды интеллектіні меңгеріп, өз білімін толықтырады. Тәжірибе жинайды.

Оқу курсын Антон Чухрай жүргізеді. Ол еліміздің мұнай-газ саласындағы біраз кәсіпорынның цифрлық жүйесін жетілдіруге үлес қосқан. Кәсібіи маман өз тәжірибесін шәкірттерімен бөлісіп, IT мамандарының жаңа буынын даярлап жүр. Курс барысында қатысушылар 50 практикалық тапсырманы орындап, жасанды интеллектіні іс жүзінде қолдануды үйренеді.

Антон Чухрай, IT курс оқытушысы:

- Жалпы алғанда тұрғындар тарапынан зор қызығушылық байқалады. Тәлімгерлердің алғашқы легін жинағанда 15 жастағы мектеп оқушылары, ересек адамдар мен зейнеткерлер  келді. Ұзын саны 80 адам оқу курсынан өтті. Олар үшін бағдарламалау мен жасанды интеллект өте қызық.

Курсқа қатысушылар алдымен қарапайым бағдарламалар жасап, шағын демо-ойындар әзірлейді. Кейін тапсырмалар күрделене түседі. Нәтижесінде үздік 25 шәкірт іріктеледі. Олар 1,5 жыл бойы жасанды интеллектіні терең меңгеріп, жеке бағдарламаларын әзірлейді. Солардың бірі –  Еркежен Ерланова. Ол қазір жасанды интеллект көмегімен Өскемендегі көлік қозғалысын зерттеп жүр.

Еркежан Ерланова, Д.Серікбаев атындағы ШҚО техникалық университетінің студенті:

- Мен логистика мамандығында оқып жүрмін. Қазіргі таңда заман қарқынды дамып келеді. Әсіресе жасанды интеллекттің маңызы артып жатыр. Сондықтан мен де жаңа білім алып, заманауи технологияларды меңгеріп, өзімді дамытып, болашақта білікті маман болғым келеді.

Өскеменде жасанды интеллект қала тазалығын бақылауға да көмектеседі. Қоқыстың уақытында шығарылуы қадағаланып, ақылды камералар көшелердің тазалығын бақылап отырады.

Жандос Асқарбек,  ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасының маманы:

- Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Шығыс Қазақстан облысында, Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында Tomorrow School бағдарламалау мектебі ашылды. Tomorrow School мектеп ашылуы өңір тұрғындары үшін сұранысқа ие білім алуға, өз идеяларын дамытуға және технологиялар саласында мансап құруға берілген тағы бір мүмкіндік.

Бұл жоба Шығыс Қазақстан  облысының әкімдігі тарапынан қаржыландырылады. ЖИ жалпы  еліміз бойынша  қарқынды дамып келеді. Екібастұзда үлкен DATA-орталық салынып жатыр. Мұнда нейрондық желілерді үйретіп, ауқымды ақпаратты өңдеуге мүмкіндік туады. Қазақстандық IT жобаларға шетелдік ірі технологиялық компаниялар да қызығушылық танытып отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Сондай-ақ оқыңыз: