Жамбыл облысында қайтарылған қаржыға 13 нысан салынып жатыр
Жамбыл облысында қайтарылған активтер есебінен 13 әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Жобалардың дені ауылдарға ауызсу жеткізуге бағытталған. Сонымен бірге медициналық нысандар мен газ құбырын салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Облыс орталығындағы Ақжол, Қайнар, Мичуринец және Родничок тұрғын алаптарына жұрт 15 жыл бұрын қоныстанған. Тұрғындардың кейбірі тіршілік нәрін тасып ішсе, қалғаны ауладан ұңғыма қазып, соның суын тұтынды. Былтыр арнайы қордан 700 млн-нан аса теңге бөлініп, ауызсу желісінің құрылысы жүргізілді.
Захира Қалиева, Тараз қаласының тұрғыны:
- Ішетін суымызды бұлақтан тасып ішеміз. 8 метрден құдық қазып, содан ыдыс-аяқ жуамыз. Кір жуамыз, сол суды қолданамыз. Осыған дейін құдықтың суын іштік. Енді мына калонканың суы келіп жатыр. Оған да рақмет.
Төрт тұрғын үй алабына ұзындығы 21 шақырымға жететін ауызсу желісі тартылды. Осылайша 5 мыңнан аса тұрғынның мәселесі түбегейлі шешілді.
Серік Тұрғын, Тараз қалалық Тұрғын жай коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Қазіргі таңда ауызсу желісіне толығымен құбырлар жүргізілді. Халық игілігіне пайдалануға қабылданды. Биылғы ағымдағы жылы қазылған жерлер, бұзылған асфальттар барлығы қалпына келтірілді. Мемлекеттік сараптамадан су қорытындысы алынды. Оң болып шықты. Су пайдалануға дайын.
Қайтқан қаржының игілігін Ақкөл ауылының тұрғындары да көріп отыр. Мұнда медициналық амбулатория ашылды. Жобаның құны – 285 млн теңге.
Жалпы облыс бойынша қайтарылған активтер есебінен 31 әлеуметтік нысан салу жоспарланса, оның 18-і ел игілігіне тапсырылды. Қалғанының құрылысы әлі жүріп жатыр.
Дарын Әбжапаров, облыстық Прокуратураның басқарма прокуроры:
- Ауызсумен қамтамасыз ету обьектілері, медициналық обьектілер, сонымен қатар жаңадан қосылған газ құбыры және қазандық салу құрылыс жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта қор есебінен салынып жатқан обьектілердің ішінде 10 обьектісі жылдың аяғына дейін бітіру жоспарлануда.
Арнайы мемлекеттік қордан өңірдегі медицина және ауызсу инфрақұрылымын дамытуға 24,5 млрд теңге бөлінді. Қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуы облыстық прокуратураның бақылауында.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә