Телеарналарға сенім артты: қазақстандықтар ақпаратты қайдан алады

Фото: ҚҚДИ

Қазақстанда ақпарат алудың негізгі арналары әлеуметтік желілер мен мессенджерлер болып қала береді. Дегенмен 2026 жылдың III тоқсанында қазақстандық телеарналарға деген сенім деңгейі айтарлықтай өскен. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуінде айтылған, деп хабарлайды «24KZ».

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 39,1%-ы ақпараттың сенімді көзі ретінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жарияланымдар мен таратылымдарды атаған.

Екінші орында қазақстандық телеарналар тұр. Оларға респонденттердің 33%-ы сенім білдірген. Бұл көрсеткіш II тоқсанмен салыстырғанда 4,3 пайыздық тармаққа өскен. Зерттеуде бұл ақпарат көздеріне деген сенім құрылымындағы ең елеулі өзгерістердің бірі ретінде бағаланады.

Ақпарат алудың бейресми арналарына деген сенім де сақталған. Сауалнамаға қатысқандардың 16%-ы ақпарат көзі ретінде достарының, әріптестері мен туыстарының пікіріне сенетінін айтқан. Ал 15,5% респондент ешбір ақпарат көзіне сенбейтінін көрсеткен.

Халықаралық ақпарат агенттіктерінің сайттарына 9,2% респондент сенім білдіреді. Радио арқылы берілетін ақпаратқа – 4,8%, баспа басылымдарына 5% тұрғын сенеді.

Зерттеу нәтижелері цифрлық медианың дамуы дәстүрлі ақпарат құралдарын толық ығыстырмағанын көрсетеді. Керісінше, қазақстандықтар ақпарат алу кезінде бірнеше арнаны қатар пайдаланатын гибридті модель қалыптасып келеді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер телеарналар және ресми онлайн-ресурстармен қатар қолданылады.

Ауыл тұрғындары телеарналарға көбірек сенеді

Ақпарат көздеріне деген сенім тұрғылықты жерге қарай да өзгереді. Ауыл тұрғындарының 45,4%-ы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге сенетінін айтқан. Қала тұрғындары арасында бұл көрсеткіш 35,5%-ды құрады.

Сонымен қатар ауыл тұрғындары қазақстандық телеарналарға да көбірек сенім білдіреді. Ауылда бұл көрсеткіш 35,6% болса, қалада – 31,4%.

Зерттеу авторларының пікірінше, бұл цифрлық және дәстүрлі ақпарат арналарының бірін-бірі алмастырмай, халықтың ақпараттық қажеттіліктерін қатар қамтамасыз етіп отырғанын көрсетеді.

Жастар цифрлық ақпаратқа көбірек сенеді

Жас ерекшелігі бойынша да айырмашылық бар. 18-28 жастағы респонденттердің 48%-ы әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ақпаратқа сенетінін айтқан. Ал 61 жастан асқан тұрғындар арасында бұл көрсеткіш 26,9%-ды құрады.

Керісінше, аға буын өкілдері қазақстандық телеарналарға көбірек сенеді. 61 жастан асқан респонденттер арасында бұл көрсеткіш 43,8% болса, жастар арасында 26,8%-ды құраған.

Теледидардың аудиториясы білім деңгейі бойынша да тұрақты. Қазақстандық телеарналарға деген сенім барлық білім беру топтарында 30%-дан жоғары болған. Ең жоғары көрсеткіш кәсіптік-техникалық білімі бар респонденттер арасында тіркелді – 35,3%.

Ал білім деңгейі жоғарылаған сайын цифрлық ақпарат көздеріне деген сенім де артады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге сенім орта білімі бар тұрғындар арасында 35,5%-ды құраса, жоғары білімі бар респонденттер арасында 43,4%-ға жеткен.

Мемлекеттік органдардың ресми сайттарына деген сенім де жоғары білімді респонденттер арасында көбірек. Бұл көрсеткіш орта білімі бар тұрғындарда 10,3% болса, жоғары білімі барлар арасында 17,7%-ды құраған.

Жалпы, зерттеу нәтижелері Қазақстандағы ақпарат тұтыну құрылымының көпарналы болып қалыптасқанын көрсетеді. Жастар мен білім деңгейі жоғары тұрғындар цифрлық және ресми онлайн-ресурстарға көбірек сенім білдірсе, жасы ұлғайған сайын дәстүрлі медиаға деген сенім арта түседі.

Сонымен қатар телеарналарға деген сенімнің өсуі цифрлық медианың кең таралуына қарамастан, дәстүрлі ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызын сақтап отырғанын көрсетеді.

Сауалнама қалай жүргізілді?

ҚҚДИ мәліметінше, «Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайдың негізгі индикаторлары бойынша тоқсан сайынғы сауалнама» 2026 жылдың III тоқсанында жеке сұхбат әдісімен жүргізілген.

Зерттеуге 18 жастан асқан 2 400 респондент қатысқан. Сауалнамаға республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалалары, 17 облыс орталығы және ауылдық елді мекендердің тұрғындары қамтылған.

Зерттеу 2026 жылғы 1-16 тамыз аралығында жүргізілген.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: