Алматы облысында қарасор өсірген күдікті ұсталды 

Фото: polisia.kz

Алматы облысында құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі анықталды,- деп хабарлайды «24KZ» Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

1 тамызда «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Алматы облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісінің жолын кесті.

Тексеру барысында қарасораға ұқсас, арнайы өсірілгені анық байқалатын 881 түп өсімдік анықталып, тәркіленді. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды. 

Анықталғандай, ол шамамен екі ай бойы өсімдіктерді өз бетінше өсіріп, күтіп, суарып отырған. 

Аталған факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді. Жауап алу барысында күдікті кінәсін мойындап, өсімдіктерді өткізу мақсатынсыз, жеке пайдалану үшін өсіргенін түсіндірді. 

Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

 «24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз 

Сондай-ақ оқыңыз: