Алматы облысында кей мамандарға 1 млн теңгеге дейін жалақы ұсынылады
Алматы облысында жұмыс берушілер 4 300-ден астам қызметкер іздеп жатыр. Кейбір мамандарға 800 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жалақы ұсынылады. Мұндай табысқа бас инженерлер, энергетиктер, өндіріс басшылары мен тәжірибелі техникалық мамандар үміткер бола алады, деп хабарлайды 24KZ Алматы облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Enbek.kz электрондық еңбек биржасының мәліметінше, бос жұмыс орындарының басым бөлігі білім беру, өнеркәсіп, көлік және логистика, медицина салаларында шоғырланған. Атап айтқанда, білім беру мен тәрбие саласында – 532, өнеркәсіпте – 319, біліктілікті қажет етпейтін жұмыстарда – 212, көлік және логистика саласында – 204, медицина мен фармацевтикада 133 бос жұмыс орны бар.
Өнеркәсіп пен құрылыс саласы
Бұл бағытта бас инженерлерге, энергетиктерге, өндірістік бөлімшелердің басшыларына, өндірісті автоматтандыру мамандарына сұраныс жоғары. Сондай-ақ инженерлер, дәнекерлеушілер, металл конструкцияларын құрастырушылар, жабдықтарды жөндеу және электрмен жабдықтау мамандары мен құрылыс-монтаж жұмыстарының шеберлері қажет.
Жекелеген басшылық және инженерлік-техникалық қызметтерге 800 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жалақы ұсынылады. Ал өзге инженерлер мен өндіріс мамандарының еңбекақысы 500–600 мың теңгеден асады.
Көлік және логистика саласы
Өңірде жүк көліктері мен тіркемелі автопойыз жүргізушілеріне де сұраныс бар. Тәжірибесі мен тиісті біліктілігі бар жүргізушілерге 800 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жалақы ұсынылады. Қазір көлік және логистика саласында 204 бос жұмыс орны жарияланған.
Білім беру саласы
Бұл бағытта 532 бос жұмыс орны бар. Әсіресе математика, орыс тілі мен әдебиеті, информатика, физика, химия, қазақ және шет тілдерінің мұғалімдері қажет. Оларға 391 мыңнан 600 мың теңгеге дейін және одан жоғары жалақы ұсынылады.
Қаржы саласы
Өңірде бухгалтерлерге, қаржыгерлерге, қазынашыларға және қаржы қызметтерінің басшыларына арналған бос орындар бар. Қатардағы мамандарға ұсынылатын жалақы 400 мыңнан 800 мың теңгеге дейін жетеді. Ал қаржы бөлімдерінің басшыларына 800 мыңнан 1 млн теңгеге дейін еңбекақы қарастырылған.
Медицина және басқа салалар
Медицина мен фармацевтика саласында 133 бос жұмыс орны бар. Бұдан бөлек, еңбек және өнеркәсіп қауіпсіздігі, өндірісті автоматтандыру, сапаны бақылау және сауда салаларының мамандарына да сұраныс жоғары. Біліктілікті қажет етпейтін жұмыстар бойынша 212 бос орын жарияланған.
Алдағы жылдары қандай мамандар қажет болады?
Өңірде білікті кадрларға қажеттілік алдағы жылдары да арта түсуі мүмкін. Бұған өнеркәсіп пен құрылыс саласының дамуы, өндірісті автоматтандыру, цифрлық технологияларды енгізу және әлеуметтік қызметтерді кеңейту әсер етеді.
Ең алдымен электр энергетикасы мен құрылыс инженерлері, өндірісті автоматтандыру және жабдықтарды пайдалану мамандары, дәнекерлеушілер, механиктер, техникалық қадағалау мамандары мен жүк көліктерінің жүргізушілері қажет болады. Сонымен қатар бағдарламашыларға, деректерді талдаушыларға және киберқауіпсіздік мамандарына сұраныс артады деп күтіледі. Мұғалімдер, медицина қызметкерлері, логистика, сауда және қызмет көрсету саласының мамандары да еңбек нарығында қажетті кәсіп иелері қатарында қалады.
Электрондық еңбек биржасының болжамына сәйкес, 2026–2035 жылдары Қазақстан экономикасына шамамен 2,9 млн қызметкер қажет болады. Олардың жартысынан астамы жұмысшы мамандықтарының өкілдері.