Республикалық жолдарда жыл басынан бері 661 мыңнан астам жылдамдықты асыру дерегі тіркелді

depositphotos.com

Қазақстанның ақылы автомобиль жолдарында жылдамдық режимін өрескел бұзу деректері тыйлар емес. 2026 жылдың басынан бері еліміздің маңызды күре жолдарында жылдамдықты асыруға қатысты 661 мыңнан астам құқық бұзушылық тиісті жүйеге жолданған, деп хабарлайды «24KZ». Оның ішінде басым бөлігі - 518 мыңнан астамы орташа жылдамдықты бақылау жүйесі арқылы анықталып отыр.

Бүгінгі таңда республикаішілік ақылы жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жылдамдықты бақылаудың екі түрлі тәсілі қатар қолданылады.

 

Қазіргі уақытта еліміздің 11 учаскесінде орташа жылдамдық қатаң бақыланады. Бұл жүйе көліктің белгілі бір қашықтықты қанша уақытта жүріп өткенін есептеп шығарады. 2025 жылы енгізілген бұл тәсіл биылғы 1 қаңтар мен 14 қыркүйек аралығында 518 мыңнан астам бұзушылықты тіркеген. Бұл — жалпы көрсеткіштің шамамен 78 пайызын құрайды.

 Ел бойынша 23 ақылы учаскеде көлік жылдамдығы тікелей камера орнатылған нақты бақылау аймақтарында өлшенеді. Жыл басынан бері осындай 143,2 мыңнан астам дерек тіркеліп отыр.

Бұл екі әдістің айырмашылығы - біріншісі жүргізушілердің ұзақ қашықтықтағы орташа қарқынын тексерсе, екіншісі белгіленген шектеу белгілері бар аймақтардағы жылдамдықтың сақталуын қадағалайды.

 

Мамандардың айтуынша, республикалық маңызы бар жолдардағы бұл қатаң бақылаудың түпкі мақсаты - жүргізушілерді жазалау емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қайғылы жағдайлардың санын азайту. Жоғары жылдамдық әрқашан жүргізушінің төтенше жағдайда дер кезінде маневр жасау мүмкіндігін шектеп, көлік апатының салдарын ауырлата түсетіні белгілі.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерге үндеу жасап, жылдамдықты тек камера бар жерлерде ғана бәсеңдетпей, бүкіл бағыт бойында қатаң сақтауға шақырады. Себебі жолдағы қауіпсіздік қандай да бір бақылау құрылғысынан емес, әрбір азаматтың өзіндік жауапкершілігінен басталады.