Қазақстанның тағы төрт автожолында орташа жылдамдықты бақылау іске қосылды

13 қазаннан бастап Қазақстанның тағы төрт ақылы автожолында орташа жылдамдықты асыру деректері тіркеле бастайды, деп хабарлайды «24KZ»

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бақылау жүйесін кеңейтіп, оған жаңа бағыттарды қосады. Осылайша орташа жылдамдық бақыланатын ақылы жол бөліктерінің саны 11-ден 15-ке дейін артады.

Бүгіннен бастап орташа жылдамдық мына бағыттарда бақыланады: Орал – РФ шекарасы (Самара); Ақтөбе – РФ шекарасы (Орынбор); Қостанай – Денисовка; Қандыағаш – Мақат.

Аталған жолдарда бақылау құрылғылары орнатылған аркалардың арақашықтығы өлшеніп, аппараттық-бағдарламалық кешендер сертификаттаудан өтті. Жүйе орташа жылдамдықты асыру деректерін тіркеп, тиісті мәліметтерді Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінің (ӘІЖБТ) процессинг орталығына жолдайды.

2026 жылдың басынан бері республикалық автожолдарда орташа жылдамдықты асырудың 550 мың, ал белгіленген нүктедегі жылдамдықты асырудың 163,5 мың дерегі тіркелген. Жалпы жылдамдықты асыруға қатысты 713 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды.

Еске салайық, Қазақстанның республикалық автожолдарында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 2025 жылғы 17 наурыздан бері жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін жалпы ұзындығы 3 мың шақырымға жуық 11 ақылы жол бөлігінде бақылау жүргізіліп келді.

Олар: Астана – Щучинск; Астана – Павлодар; Астана – Теміртау; Шымкент – Қызылорда; Шымкент – Тараз; Павлодар – Семей – Қалбатау; Орал – РФ шекарасы (Саратов); Павлодар – РФ шекарасы (Омбы); Алматы – Қорғас; Көкшетау – Петропавл; Ақтөбе – Қандыағаш.

Сондай-ақ оқыңыз: