Алматыда жыл соңына дейін төрт орындық жаңа аспалы жол ашылады
Алматы тау кластері – тау курорттарын ортақ стандарттар, инфрақұрылым және басқару жүйесін біртұтас туристік жүйеге біріктіруді көздейтін ауқымды жоба.
Оған Шымбұлақ, Бутаковка, Кімасар, Пионер және Ой-Қарағай сияқты бірнеше демалыс орындары кіреді. Жоба табиғи әлеуетті тиімді пайдалануды көздейді. Яғни осы арқылы экономикалық өсім мен халықтың өмір сүру сапасын жақсарта түспек.
Алматының өзге қалалардан артықшылығы көп. Әлемдік тәжірибеде алып мегополистің тау-шаңғы инфрақұрылымына жақын орналасуы өте сирек кездеседі. Осы көрсеткіш бойынша Алматы әлемдегі үздік үш қаланың қатарына кіреді. Әрине, тау-шаңғы курорттары жетерлік. Алайда оған жол жүріп бару керек. Жүзеге асып жатқан тау кластері табиғи әлеуетті тиімді пайдаланып, туризм индустриясын дамытуға бағытталған. Жобаның негізгі операторы – «Almaty Tau Management» серіктестігі.
Александр Руденко, Almaty Tau Management басқарма төрағасының орынбасары:
- Тау кластері бірнеше шатқалды қамтиды. Оның негізгі мақсаты – Кімасар, Бутаковка, Пионер сияқты шатқалдарды арқанды жолдар арқылы байланыстыру. Сонымен қатар оған Ақтас тау курортын да қосу жоспарланған. Шымбұлақ тау курорты кеңейтіледі. Жаңадан аспалы жолдар мен трассалар салынады.
Жобаның бастапқы кезеңінен-ақ халықаралық мамандар тартылды. Олар Алматы табиғатының ерекше екенін растады. Яғни биік тауда қар сәуір айына дейін жатады. Жер бедері экожүйе бәрі назарға алынды. Қазір аспалы жолдардың бағыттары, станциялары мен нысандардың орналасуы анықталып жатыр. Биыл жыл соңына қарай құрылыстың алғашқы кезеңі төрт орындық аспалы жол іске қосылады.
Юрий Шнейдмюллер, сарапшы:
- Туристер ағыны елімізге көбеймесе, азаймайды. Сондықтан біз Қазақстанның экономикалық флагманы ретінде еліміздің тау-шаңғы әлеуетін дамытуға барынша үлес қосуымыз керек. Қазір тауға шығу, әсіресе жастар арасында экстремалды спорт түрлерімен айналысу өте танымал. Бүгінде «Шымбұлақтың» өткізу қабілеті екі есеге артты. Біз ондаған жылға алға жоспарлап отырмыз. Халық саны артып келеді. Оған сырттан келетін туристерді қосыңыз. «Тау кластері тұрғындар мен меймандардың жайлы демалысын қамтамасыз етеді», – деп сенеміз.
«Ой-Қарағай» – енді танылып келе жатқан курорт. 15 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Жыл бойы жұмыс істейді. Әрине, 75 жылдан астам тарихы бар Шымбұлақпен салыстыруға келмейді. Соған қарамастан өте жылдам қарқынмен дамып келеді. Қысқа мерзім ішінде өз аумағында бірнеше жобаны жүзеге асырып үлгерді. Ақтастағы аспалы жолдың ерекшелігі – бағананың аздығы. Кейбір жерінде бағаналардың арасы мың метрге жуық. Мұндай жол әзірге әлемде жоқ.
Қарлығаш Қайыпбеква, тілші:
- Ақтас – тау туризмін дамытуға арналған ең ірі инвестициялық жобалардың бірі. Тау курорты теңіз деңгейінен 2140 метр биіктікте орналасқан. Оған апаратын аспалы жолдың ұзындығы 1840 метрді құрайды. Демалыс орны 2024 жылы ашылған. Қазір мұнда туристер жиі келеді.
Максим Козлов, тау курортының PR директоры:
- Біз Алматы тау кластерінің агломерациясына кіретін бастапқы нүктенің біріміз. Жаңадан салынып жатқан аспалы жол сол тау кластеріне кіретін бағыттың бастамасы. Әрине геодезиялық, геологиялық және басқа да жайттарға байланысты аздаған өзгерістер болуы мүмкін. Алайда дәл осы жер негізгі бағыттардың бірі болады. Биыл туристерді, қала қонақтары мен тұрғындарын тағы бір арқанды жолмен және бірнеше жаңа трассамен қуантамыз. Оның өзіндік ерекшелігі болады.
Тау кластері біріншіден, жол инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайтады. Екіншіден, туристерге көбірек таңдау мүмкіндігін береді. Туризмді тартымды етеді. Былтыр Алматыға 2 жарым млн турист келген. Соның 800 мыңға жуығы шетелдік.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон