Алматы облысында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары марапатталды
Алматы облыстық әкімдігінде VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Өңір басшысы Шыңғыс Әрінов спортшыларды аталған байрақты бәсекеде қол жеткізген жетістіктерімен құттықтап, ел Президентінің Алғыс хатын табыс етті. Әкім алдағы уақытта облыс аумағында ұлттық спортты дәріптеп, заманға сай қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстарына басымдық берілетінін айтты.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық құрамамыз 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Әлемнің жүзден астам елінің мықты спортшылары қатысқан дүбірлі додада Алматы облысынан 10 спортшы өнер көрсетті.
Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі:
- VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жоғары жетістіктеріңізбен құттықтаймын! Сіздер ел үмітін ақтап, көк байрағымызды биікке көтердіңіздер. Расында барша ел сіздерге тілекші болып, үлкен қолдау көрсетіп отырды.
Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында еліміздің армрестлинг шеберлері де жоғары өнер көрсетті. Алматы облысының өрені Данил Устинов қол күрестен он дүркін әлем чемпионы әрі он жыл бойы ешкімге жеңіліп көрмеген молдовалық Даниель Прокапчукты ұтып, жанкүйерлерге жарқын жеңіс сыйлады.
Данил Устинов, VІ Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының жеңімпазы:
- Әлемнің 100-ден астам мемлекетінің мықты спортшылары қатысқан осындай айтулы жарыста жеңімпаз атану – мен үшін зор мақтаныш. Маған үлкен сенім артқан қазақстандық жанкүйерлерге және жаттықтырушыларыма алғыс айтамын.
Самат Айтқалиұлы, VI Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының жүлдегері:
- Облыста қазіргі спортшыларға өте жақсы қолдау көрсетіліп, барлық жағдай жасалғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз.
Шыңғыс Әрінов халықаралық жарыста ел абыройын асқақтатқан саңлақтарға алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтып, 19 қыркүйекте жалауы көтерілетін ХХ Азия ойындарына қатысатын спортшыларға сәттілік тіледі.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай, Аманжол Жөңкешов