Ақмола облысында жол бойын ЖИ күзетеді
661 мың адам жылдамдықты асырған. Бұл – ақылы жолдардағы жағдай. Жасанды интеллект анықтады. Астанадан шығатын күре жолдарға ақылды камералар орнатылып жатыр. Бейнебақылау артық-ауыс қозғалысты қалт жібермейді. Шығыны да аз. Күн мен желден қуат алады. Ең бастысы жол бойына шыққан көлікті, жолдың аяғына дейін көзден таса қылмайды. Бұл қауіпсіздік үшін аса қажет.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Республикалық тасжолдарда арнайы бейнекамералар орнатылып жатыр. Бұған дейін «Қарағанды-Астана» бағытында дәл осындай камералар қойылған еді. ендігі жұмыс Петропавл бағытында қолға алынды. Дәл қазір біз Ақкөл мен Шортанды арасындағы дәнекерлеу жұмыстарына куә болып тұрмыз. Бір айтып өтері, бұл камералар жасанды интеллектімен жабдықталған.
Осыдан оншақты күн бұрын «Астана-Қарағанды» күрежолында жантүршігерлік көлік апаты болды. Салдарынан бір адам көз жұмды. Сол оқиғаның себеп-салдары осы жасанды интеллектімен жабдықталған бейнекамераның көмегімен анықталды. Мамандар жаңа жүйе мұндай келеңсіз жағдайдың алдын алуға мүмкіндік беретінін айтады. Яғни жол бойы күндіз-түні орталықтан бақыланып, диспетчерлер дер кезінде шешім қабылдайды.
Ниязбек Ахметов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы филиалының бас талдаушысы :
- Осы жүйе диспетчерлерге сигнал береді. Осындай километрде, әрбір километр бойынша орнатылған камерада осы арақашықтықта инцидент бар деген сияқты. Мысалы, жануар жолға шығып кетті деп диспетчерге синал береді де, диспетчер соған әрекет жасайды. Мысалы, біздің қызметкерлерді, қызметкерлерге сол ақпаратты жібереді де, олар сол малды, жануарды жолдан алып тастауға әрекет жасайды.
Жол мамандары «Щучинск - Астана – Теміртау» аралығында 708 бейнекамера орнатуды жоспарлап отыр. Құрылғы тәулік бойы жұмыс істейді. Ол үшін әр бағанға сым тартудың қажеті жоқ. Камера қуатты күн мен желден алады.
Бақыт Зариф, мердігер кәсіпорын өкілі:
- Біріншіден, бізде ол ветрогенератор болады. Екіншіден, бізде ол күншуақты панель болады. Мысалға, ветрогенератор, күншуақты панельге күн сәулесі түспеген кезде, мысалға, біз ветрогенератор тоқ күшін бере бастайды. Ал күн шығатын кезде бізде ветрогенератор емес, күншуақты панель енді тоқ беріп отырады және өзінде аккумулятор бар. Мысалы, кешкі кезде сол аккумулятордан тоқ алып отырады.
Жоба пилоттық режимде қолға алынып отыр. Егер тиімділігі нақтыланып жатса, елдегі басқа да жолдар дәл осылай бақылауға алынады.
Авторы: Нұрқанат Қанапия, Бауыржан Ебелеков