Қарағанды облысында жас өнертапқыштар халықаралық байқауға қатысады   

Қарағандылық оқушылар шахтадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ақылды жүйе ойлап тапты. Енді қанатқақты жобаны «Technovation Girls» халықаралық IT-жобалар байқауында таныстырып, аталған білім сайысында оза шапқан алғашқы қазақстандық команда атанды.  Қазір олар  жарысқа қызу дайындық үстінде. 

Оқушылар шахтадағы жұмысты бақылауға арналған жүйенің SAMRUQ.AI  деп аталатын оқу-инженерлік нұсқасын жасады. Жүйе датчиктерді, сымсыз байланысты, цифрлық платформаны және жасанды интеллектіні бір арнаға топтастырған.  Ақылды жүйе шахтадағы микроклиматты, түтін мен газды, сейсмологиялық  өзгерістерді  бақылап, қауіп деңгейін бағалайды. Жүйенің камералы датчиктері шахтаға кіріп-шыққан адамдарды автоматты түрде санайды.

Айша Орынбасар, «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушысы:

- Осы алынған барлық ақпараттардың барлығы бірден біздің сайтқа беріліп отырады. Ол жердегі ақпараттар 25 секунд сайын жаңарып отырады. Ол жерде тек қана неше адам екенін ғана емес, ол жерде толық, мысалы, ауада қазір қанша метан, қанша газ, қанша шаң екені барлық тоғыз датчиктен келіп отырады.

Жүйе жергілікті оқу шахталарында сынақтан өткізілді. «Оның ұтымды жағы көп», - дейді жоба авторлары. Өнертапқыштар қолданыстағы  қауіпсіздік жүйелерін зерттей келе, біраз олқылықты анықтаған. Мәселен, көбі апат болғаннан кейін ғана дабыл қағады. Сондай-ақ кабелдік байланыс жүйелері  опырылу немесе жарылыс кезінде істен шығады. Ескі жүйенің бағасы қымбат.  Ал жаңасы қауіп-қатерді алдын ала бағалап, деректерді сымсыз жеткізуді  қамтамассыз етеді.

Анатолий Горячев, Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің тау-кен пәні мұғалімі:

- Маған жүйенің жасанды интеллектпен жұмыс істейтіні ұнады. Шахтаға қойылған датчиктердің берген ақпаратын жасанды интеллект жылдам сараптайды. Яғни санаулы секундтарда жедел әрі нақты ақпаратқа қол жеткізеді. Мысалы, бізге қазылған кеңістіктегі температураны тұрақты түрде бақылау қажет. Лаваны өтіп, жұмыс аяқталғаннан кейін, сол кеңістіктегі температураны өлшеп, алынған мәліметтерді жалпы деректер базасына енгізіп, оның динамикасын бақылауға болады.

Халықаралық Technovation Girls байқауына 130 елден 12 мыңнан астам оқушы қатысқан. Үндістанның Бенгалуру қаласында өтетін әлемдік финалға 15 команда жолдама алса, соның бірі «Дарын» мектебінің оқушылары.

Нәзира Смағұлова, «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының информатика пәні мұғалімі:

- Бұл балалар робототехника саласында бір жыл көлемінде ғана жұмыс істеп жатыр. Соған қарамастан біздің оқушылар көптеген жетістіктерге жетті, көптеген ғылыми сайыстарға қатысты және де ғылыми сайыстарда жүлделі орындарға ие болды. Бұл жоба олардың біздің Қарағанды өңірінің бір ауқымды мәселелерінің бірін шешеді деп ойлаймын.

Жас өнертапқыштардың бұл жобасы-шахтадағы қауіпсіздікті жаңа технологиялар арқылы күшейтуге бағытталған тың бастама. Халықаралық байқауда олардың жұмысы тау-кен өндірісінің алпауыт компанияларының  назарына ұсынылады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит

Сондай-ақ оқыңыз: