Павлодар облысында әлеуметтік қолдаудың жаңа тетігі іске қосылды
Павлодар облысында техникалық оңалту құралдарын уақытша пайдалануға беру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Енді кейбір қозғалыс құралдарын мүгедектігі бар азаматтар тегін ала алады. Пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін құрал қайта тапсырылады. Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді және ол адамдарға қандай мүмкіндік береді?
Жаңа жобаға қатысушылардың бірі – Талғат Қайрақбаев. Ол мүгедектер арбасын он жылдан астам уақыттан бері пайдаланып келеді. Бұған дейін арбасы сынып қалса, үйден шыға алмай қалатын. Енді жағдай өзгерді. Қажет болған кезде уақытша арба алып, күнделікті тірлігін жалғастыра береді.
Талғат Қайрақбаев, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Жүріп-тұруға арба береді, арбамыз оңдалып болғанша. Сол ыңғайлы бізге, бұрын бұл жоба болмағанда, коляска сынғанда, коляскасыз отыратынбыз үйде, оңдап әкелгенше. Қазір бізге ыңғайлы, бәрі жақсы.
Қазір Павлодардағы техникалық оңалту құралдары паркінде мүгедектер арбасы мен жүріп-тұруға арналған түрлі құралдар бар. Алдағы уақытта олардың қатары көру қабілеті төмен адамдарға арналған құрылғылармен де толығады. Оның ішінде портативті тифлокомпьютерлер мен ноутбуктер бар. Бұл құрылғылар экрандағы ақпаратты дауыстап оқып, Брайль қарпін қолдануға мүмкіндік береді. Ал кімге қандай құрал қажет екенін арнайы комиссия анықтайды.
Хамер Мәдиева, реабилитолог дәрігер:
- Бүгінгі күнге дейін әлеуметтік-техникалық сараптамалық комиссияның 10 отырысы өтті. Оның 8-і бойынша комиссияның шешімімен техникалық оңалту құралдары жөнделді. Олардың барлығы мүгедектер арбасы болды. Қазіргі таңда техникалық оңалту құралдары паркінде 20 құрал бар. Оның 12-сі – мүгедектер арбасы, ал 8-і – жүріп-тұруға арналған құралдар.
Ерлан Құрманғазин оңалту орталығында техник болып жұмыс істейді. Өзі де мүгедектігі бар азамат. Сондықтан мұндай адамдар үшін еркін жүріп-тұрудың қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Ол істен шыққан оңалту құралдарын жөндеумен айналысады.
Ерлан Құрманғазин, техник маман:
- Бұрын өтініш түскенде, мысалы, коляска жөндегенде ол кісілердің коляскасын келіп алып кетеді да ол кісі үйде жатып қалады, ешқайда шыға алмай қалады. Не жұмысқа бара алмайды, не тренировкаға бара алмайды. Қазіргі проект оңды, ыңғайлы, ол келеді да осы жерден басқа коляскаға отырып кетіп қалады да сосын спортпен, жұмыспен және күнделікті шаруалалармен айналысып жүре береді. Сол жағынан осы проект өте жақсы.
Пилоттық жоба әзірге Павлодар, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында іске қосылды. Жаңа жүйе азаматтардың еркін қозғалып, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді. Жобаның нәтижесі арнайы сараптама арқылы бағаланады. Егер тиімділігін көрсетсе, оны еліміздің басқа да өңірлерінде енгізу жоспарланып отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков