Алматыда Kazakhstan Insurance Forum 2026 халықаралық форумы өтті

Қазақстанның сақтандыру нарығы жаңа кезеңге аяқ басты. Алматыда өткен Kazakhstan Insurance Forum 2026 халықаралық форумында саладағы өзгерістер мен алдағы реформалар талқыланды.

Биылғы жиынның басты тақырыбы – нарықты қайта жаңғырту, цифрландыру және клиент сенімін арттыру. Басқосуға мемлекеттік органдар, банктер, сақтандыру компаниялары, логистика саласы мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Форумдағы негізгі мәселелердің бірі – сақтандыру секторын экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландыруға белсенді қатысатын институционалдық инвесторға айналдыру. Мамандар «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» мен «Сақтандыру қызметі туралы» жаңа заң жобасындағы жаңашылдықтарды ортаға салды.

Олжас Әшкеев, «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ Басқарма төрағасы:

- Сақтандыру түрлері 18-ге дейін көбейеді. Ол жерде бұған дейін міндетті емес болған сақтандыру шарттары олар міндетті болады. Оның да өзінің тиімділіктері бар. Өйткені сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры тек міндетті сақтандыруға ғана кепілдік береді. Бұл дегеніңіз – ертең қаржы нарығында тұрақсыздық болып, кейбір компаниялар жабылып қалса, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры міндетті түрде төлеп береді.

Цифрландыру да назардан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ халықтың ұзақ мерзімді жинақтау және сақтандыру мәдениеті де сөз болды. Сарапшылар қазақстандықтардың қысқа мерзімді депозиттерге басымдық беру себептерін талдап, банк пен сақтандыру өнімдерін ұштастырудың мүмкіндіктерін қарастырды.

Гаухар Бөрібаева, «Халық-Life» АҚ Басқарма төрайымы:

- Біз ең алдымен сақтандыру өнімдеріне деген сенімді арттыруымыз керек. Халыққа өмірді сақтандырудың не үшін қажет екенін түсіндіру маңызды. Нарықта 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан компаниялардың бүгінде жеткілікті капиталы, активтері және қаржылық тұрақтылығы бар. Сондықтан енді тәуекелі жоғарырақ, соның ішінде жинақтаушы сақтандыру сияқты ұзақ мерзімді өнімдерді дамытуға мүмкіндік мол.

Форумда түркі елдерінің сақтандыру нарықтарын ықпалдастыру, халықаралық сауда мен логистикалық бағыттарды сақтандыру мәселелері көтерілді. «Бұл бастама Ұлы Жібек жолын дамытуға үлкен мүмкіндік береді», - дейді мамандар. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Алматыдан

Сондай-ақ оқыңыз: