ШҚО-да шалғай ауылдарға ауыз су тартылды
Құлынжон, Көкжыра және Аққала ауылдары таза ауыз су ішеді.
Біраз жыл елді алаңдатқан мәселе енді шешілді. Құрылыс жүрді.
Бұған қоса халық тіршілік нәрінен тарықпас үшін Самар ауданында жаңа су қабылдау станциясы салынып жатыр. Бұл нысан да көп ұзамай қолданысқа беріледі.
Самар ауданына қарасты Көкжыра ауылының тұрғындары орталықтандырылған ауыз су жүйесіне алғашқылардың бірі болып қосылды. Осы уақытқа дейін сапасы сын көтермейтін жер асты суын тартып, тасып ішіп келген еді. Енді таза тіршілік нәріне қол жеткізген жұрттың тұрмысы да жеңілдей түспек.
- Ауылымызға көптен бері күткен суымыз келді. Бәріміз халық болып қуанып жатырмыз.
Қоғам белсендісі Нағима Байғабылова су құбырын салу мәселесін бұрыннан көтеріп келді. Әкімнің халықпен кездесулерінде де тұрғындардың өтініш-тілегін жеткізген.
Нағима Байғабылова, Көкжыра ауылының тұрғыны:
- Бұл суды біз 7 жыл көлемінде тостық. Бұл әрине жақсы басталды да 2-3 жыл тоқтап қалды. Міне былтырдан бері қолға алынып, биыл нақты біздің Көкжыра ауылында 40 үй орталықтандырылған суды кіргізді.
Жобалаушы компания өкілдері су құбырын салу кезінде топырақ ерекшелігін ескеріп, ұңғыманы 40 метр тереңдікке дейін бұрғылады. Алайда аудан орталығы Самар ауылында су жүйесін тарту жұмыстары кестеден кешікті. Оған су қабылдағыш стансаның дайын болмауы себеп. Сала мамандарының айтуынша, құрылыстың бұлай 8 жылға созылуына жобадағы кем-кетіктер мен қаржыландырудың кешігуі әсер еткен. Оған қарамастан биыл жұмыстың соңғы кезеңін аяқтау жоспарланып отыр.
Мұрат Байжұменов, Самар ауданы әкімінің орынбасары:
- Осы магистраль аяқталғаннан кейін жаңа су қабылдағышқа желілерді қосамыз. Содан кейін халық уақытша ескі және жаңа жүйенің суын қатар пайдалана тұрады. Өйткені қыста құбырдың қатып қалмауын басты назарда ұстауымыз керек.
Биыл өңірде ауыз су тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 300 шақырымнан астам магистралды және ішкі орамдық құбыр жаңартылды.
Рауан Тұрысбек облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Биыл бөлінген қаржыға 20 жоба жүзеге асырылып жатыр. Нақтырақ айтсақ, 7,3 миллиард теңге бөлініп, оның 17-сі сумен жабдықтауға, ал 3-і су бұру мақсатында игерілді.
Биыл жалпы ел аумағында ауыз су инфрақұрылымын дамыту мақсатында оннан астам ірі жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 540 мыңнан астам тұрғыны бар 142 ауылдық елді мекен тіршілік нәрімен қамтамасыз етіледі.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабаханов