Қостанайда Президент кітабына арналған пікір алмасу алаңы өтті
Қостанай қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабына арналған дөңгелек үстел өтті.
Алқалы жиынға студенттер, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шараға қатысушылардың пікірінше, жинаққа Мемлекет басшысының отандық және халықаралық алаңдарда айтқан, қазақстандықтардың барлық буыны үшін маңызды мәнге ие тұжырымдары мен ой-пікірлері енгізілген.
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабында ел тарихы Мемлекет басшысының әр жылдары айтқан сөздері мен ұстанымдары арқылы көрініс табады. Жинаққа 1994 жылдан бергі материалдар, сондай-ақ соңғы жылдардағы баяндамалар енгізілген.
Бақытжан Нарымбетов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары:
- Бұл кітапта Мемлекет басшысының елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуы, әділетті қоғам қалыптастыру, халықтың әл-ауқатын арттыру және еліміздің болашағы туралы ой-пікірлері қамтылған.
Кітап 21 тақырыптық бөлімнен тұрады. Маңызды бөлімдерде заң мен қауіпсіздік, білім және ғылым, мемлекеттік басқару, цифрландыру, ұлттық бірегейлік және экологиялық мәдениет мәселелері бар.
Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі:
- Кітапта Мемлекет басшысының әр жылдардағы ой-тұжырымдары, ел дамуының сан алуан бағыттарына қатысты айтқан пікірлері жинақталған. Олардың арасында Тәуелсіздік, ұлттық мүдде, еңбекқорлық, тазалық, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, жастар тәрбиесі, заң мен тәртіп, тарихи сана және қоғамның рухани жаңғыруына қатысты ойлар қамтылған.
Зиялы қауым өкілдерінің пікірінше, кітаптан Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет құрылысы мен қоғамдық даму мәселелеріне қатысты көзқарастарының қалыптасуы мен сабақтастығын байқауға болады. Жинақта жастар мәселесіне де ерекше назар аударылған.
Абылай Маудан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
- Мұнда баса айтылатын дүние – әрбір адам мықты болу керек, әрбір адам оқу керек, озық ойлы ұлт болу керек. Және де осы біз жасанды интеллект деп жатырмыз, заманға бейімделу, озық ұлт болу жайлы айтылған екен, сол жағы бізді қуантып отыр.
Алқалы жиында жинақтағы идеялардың қоғамның қазіргі міндеттерімен сабақтастығы да сөз болды. Қатысушылар олардың бүгінге беретін мүмкіндігі мен болашақ ұрпақ үшін аса маңыздылығына тоқталды.
Серік-Ибраһим Орынбек, Сергей Трахтенберг