Жастар Жолдауда көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасты
Елдегі университеттер мен колледж студенттері Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылады.
Жастар Президент бекіткен басым бағыттар туралы ойларын ортаға салды. Әр өңірдегі студенттердің пікірі бір арнаға тоғысты. Олардың айтуынша, Мемлекет басшысы жастардың білім алып, әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлді.
Ақтөбеде Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің тарих және география факультетінің жүздеген студенті Президент Жолдауын бірге көрді. Артынша қозғалған тақырыптар бойынша пікір алмасты. Бұл кездесу "Әділет" партиясының қолдауымен өтті. Жастарға Жолдаудың басым бағыттары түсіндіріліп, аймақта атқарылып жатқан жұмыс барысы таныстырылды.
Қазыбек Әлішев, "Әділет" партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы:
- Ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетігі жасалады деген ойдамыз. Сонымен қатар "Бәйтерек" холдингіне 500 миллиардтан астам сомаға ірі инвестициялық жобалардың тізімі айқындалған. Яғни бұл ірі инвестициялық жобалардың тізімі - тағам өңдеу, тағам өндіру саласындағы ірі инвестициялық жобалар. Және бұл жерде де Мемлекет басшысы осы ірі инвестициялық жобаларды нақты қаржыландыру тетіктерін қайта қарастыруды ұсынып отыр.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын Батыс Қазақстан облысында Махамбет Өтемісұлы атындағы университет студенттері де талқылады. "Әділет" партиясы өңірлік филиалының ұйыдастыруымен өткен шарада студенттер көлік-логистика, цифрландыру және электростанциялардың құрылысына баса назар аударды.
Бауыржан Бектұрған, "Әділет" партиясы БҚО филиалының төрағасы:
- Жергілікті атқарушы органдармен, осы Үкіметпен бірлесіп жұмыс істейміз. Президентіміз айтып жатқан жұмыстарды бәріміз қолдаймыз. "ӘДІЛЕТ" партиясы өз тарапынан біздің партияластарымызға, Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға бүкіл мәселені өңірдегі халықпен бірге бірлесіп, жаңағы өтініштерді естіп, бүкіл мәселелерді талқылайды деп ойлаймын.
"Әділет" партиясы жастар қанатының бастамасымен алматылық жастар да Жолдау бағдарламасымен танысты. Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжінде өткен іс-шараға 200-ден астам жас қатысты. Кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басым бағыттар, елдің әлеуметтік-экономикалық даму міндеттері талқыланды. Әсіресе жастарға арналған мүмкіндіктер мен азаматтық жауапкершілік мәселелеріне жастар ерекше мән берді.
Айдар Күнтубай, "Әділет" партиясы Жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы:
- Бұл Жолдауда қазіргі таңда түрлі еліміздің мына түйіткіл мәселелеріне қатысты сұрақтардың барлығы көтеріліп жатыр. Оның ішінде жастар мәселесі де бар. Енді алдағы уақытта осы Жолдаудың орындалу барысында осы жастармен бірге жұмыс атқаратын боламыз.
Талқылауға қатысқан әр адам Жолдау қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын тілге тиек етті. Жастар реформаларды қолдап, бұл бастамалардың жүзеге асуы үшін еңбек етуге дайын екендерін жеткізді.
Авторы Мирлан Алтынбек