Оралда бала қауіпсіздігі басты назарға алынды

Жаңа оқу жылы басталғалы бергі екі аптаның ішінде Батыс Қазақстан облысында оқушыларға қатысты 19 жол апаты тіркелген.

Оның сегізінде балаларды көлік қағып кеткен. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында қазір білім беру ұйымдарының маңында рейдтер ұйымдастырылып, жол қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді. Полиция қызметкерлері жүргізушілерді мектеп аумақтарында жылдамдықты төмендетіп, жол белгілері мен жаяу жүргіншілер өткеліне ерекше назар аударуға шақырады.

Орал қаласының орталығында орналасқан №25 мектепте 1200-ге жуық бала оқиды. Бірақ білім ордасының маңында жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тротуар қаралмаған. Бұл жердегі көлік қозғалысы да қарқынды. Сол себепті көптеген ата-аналар балаларын, әсіресе бастауыш сынып оқушыларын, мектепке өздері апарып, күтіп алуды жөн көреді.

Перизат Байғондиева, қала тұрғыны:

- Жолдың мәселесі шешілсе дейміз. Даярлық тобында да оқыдық, баламды бірінші класқа да әкеліп жатырмын. Үйіміз жақын. Баланың өзін жіберуге болады. Үлкен жолдан өтпейміз. Жалпы мына жер тар. Екі жақтан машина келгенде бала түгілі, өзіміз өту қиын.

Мектеп басшылығы бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқанын айтады. Тіпті олар көлік қозғалысын шектеуге, яғни жолды жабуға тырысқан. Алайда бұл оңай болмай шықты. Себебі, мектеп айналасында жеке жер үйлер орналасқандықтан, жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктері өтуі  қажет.

Екатерина Ильменёва, №25 мектеп директорының орынбасары:

- Біз полиция басқармасына хат жазған болатынбыз. Олардан Жезқазған көшесі жүріс бөлігі болып табылатындықтан оны жауып тастау мүмкін емес деген жауап алдық. Өз тарапымыздан қолдан келгеннің бәрін жасадық. Тоқтауға тыйым салатын белгілер орнатып, жасанды жол кедергісін қойдық. Бәрін орындадық.

Қазір оқу орындарының маңындағы қозғалыс қарқынды учаскелерде бақылау күшейтілді. Сабақ басталатын және аяқталатын уақытта полицейлер күре жолдың бойындағы мектептердің қасында кезекшілік етеді. «Алайда әрбір жүргізушіні қадағалап отыру мүмкін емес. Сол себепті рөлде барынша қырағы болу маңызды», - дейді оралдық Сергей Краснов. Ол осыдан бір апта бұрын қозғалыс кезінде алаңдаймын деп, кішкентай баланы көлігімен қағып кетіпті. Абырой болғанда, бүлдіршін аман қалған, жеңіл жарақат алған.

Сергей Краснов, қала тұрғыны:

- Менің көлік тізгіндеп келе жатқаныма көп болды. Өзімді тәжірибелі жүргізушімін деп айта аламын. Бірақ сүрінбейтін тұяқ жоқ. Телефонға алаңдаймын деп, баланы байқамай қалыппын. Бұдан былай мұндай жағдайды қайталамауға тырысамын. 

Жыл басынан бері өңірде жол ережесін сақтамағаны 180 мың жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 80 мыңнан астамы жылдамдықты асырса, тағы 5 мың көлік иесі рөлде телефон пайдаланған. Полицияның мәліметінше, оқу жылының басталуымен балалар қауіпсіздігі басты назарға алынды.

Асылай Ғұбашева, БҚО полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

- Оқу жылы басталғалы Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 19 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның 8-і жаяу жүргіншілерді қағып кету фактілері. Жол-көлік оқиғаларының басты себебі жаяу жүргіншілердің жол-көлік ережелерін сақтамауынан және жүргізушілер тарапынан да жылдамдықты төмендету талаптары жиі бұзылып жатады. 

Жыл басынан бері облыста 706 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Соның салдарынан 41 адам қаза тауып, мыңнан астамы түрлі жарақат алған.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Эльдар Аюпов

Сондай-ақ оқыңыз: