Ақмола облысында астық экспорты 24 пайызға артты
Ақмола облысында астық экспорты 24 пайызға артты. Жыл басынан бері жергілікті шаруалар 2 жарым млн тоннадан астам өнімді экспорттаған.
Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 4 млн-ға дейін жеткізу жоспары бар. Қазір мамандар сапалы бидайдың басым бөлігін Еуропа елдерінің нарығына шығаруды көздейді. Осы мақсатта шетел мемлекеттерінің елшіліктерден қонақтар шақыртылып, аграрлы аймақтың экспорттық әлеуеті таныстырылды.
Өңірде егін орағы аяқталуға жақын. Егіс алқабының 80 пайыздан астамы орылды. Қамбаға 5 жарым млн тоннаға жуық бидай құйылды. Енді өнімді өз бағасына сату керек. Бұл тұрғыда жергілікті әкімдік Еуропа елдерімен ынтымақтастық көкжиегін кеңейтіп, жаңа бағыттар ашуға ықпал етіп отыр.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
- Қазіргі таңда біз енді Еуропаға шығатын жол таптық. Терминалдарымыз бар. Біздің үлкен жоспар Сыртқы істер министрлігімен үлкен шарт бар. Осы Ақмола облысының сапалы тауарлы астығын Еуропа төрінде Брюссельде паш ету.
Шетелдік меймандар астық сапасына ерекше қызығушылық танытты. Сондықтан ынтымақтастық орнатуға олар да мүдделі.
Ари Велдхаузен, Нидерландының Орталық Азиядағы елшілігінің ауыл шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі:
- Нидерланд — шағын мемлекет. Астықты ірі көлемде экспорттамаймыз. Дегенмен ауыл шаруашылығы технологиялары, өнімді сақтау, инновациялар және білім мен тәжірибе алмасу салаларында үлкен сараптамалық әлеуетіміз бар. Сондықтан Ақмола облысы мен нидерландтық сарапшылар және технологиялық компаниялар арасында ынтымақтастық орнатудың үлкен мүмкіндіктері бар деп есептеймін.
Былтыр өңір диқандары жеті жарым млн тонна өнім жинады. Оның үш жарым миллионы шетелге экспортталды. Тынымсыз еңбек мен мемлекеттің қолдауы нәтижесінде диқандар жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Айбат Есентұров, шаруа қожалығының басшысы:
- Биыл «Кен дала 2» бағдарламасы бойынша 750 млн теңге қаражат алдық. Сол қаражаттың арқасында уақытында жанармай алдық арзандатылған. Оның арқасында асыл тұқымды тұқымдар алдық.
Мемлекеттік қолдау шаралары жыл санап артып келеді. Мәселен, соңғы үш жылда облыстағы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 707 млрд.теңге бөлінді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный