Сырдарияға 10 мыңнан астам балық шабағы жіберілді
Сырдария өзеніне 10 мыңнан астам балық шабағы жіберілді. Бұл шара «Өзенді балыққа толтыру» акциясы аясында өтті.
Өзенге жіберілген шабақты жергілікті шаруа қожалықтары егін алқаптарындағы су арналарынан жинап алды. Эко-шараға студенттер де белсене қатысты. «Басты мақсат – жастардың бойында табиғатқа деген жанашырлықты қалыптастыру», - дейді мамандар. Биыл өңірде 7 млн-нан астам балық шабағын құтқару жоспарланған. Бұл жұмыстар қараша айының ортасына дейін жалғасады.
Пазылбек Нәлібаев, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:
- Табиғат пайдаланушылар, экологтар, студенттер және барлық тиісті мекемелердің өкілдері қатысып, осы іс-шараны өткізіп жатырмыз. Енді өздеріңіз білесіздер, жыл сайын Қызылорда облысында күз айларында су тартылған кезде балықтар мен шабақтардың қырылу қаупі болады. Соған байланысты бұл іс-шараны біз жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұрамыз.