Елордада екі мыңнан астам самокат айып тұрағына қойылды
Астанада полиция қызметкерлері электро-самокатшыларды бақылауды күшейтті. Бұдан былай қосдөңгелекті көлік құралымен жаяу жүргіншілер жолағына өтуге болмайды.
Мұндай талап осыдан үш апта бұрын қабылданды. Алайда ережені елемей, шекеден қарағандарға айыппұл салынады. Бүгінде 700-ге жуық самокатшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2 мыңнан астам электросамокат коммуналдық тұрақтарға қойылды. Техниканы жүргізу үшін азамат 18 жасқа толуы керек. Жүргізуші куәлігі болуы қажет. Сонымен қатар қорғаныс дулығасын және кешкі уақытта жарық шағылыстыратын арнайы кеудеше киюі тиіс. Бір мезетте екі адамның мінуіне тыйым салынады.
Ержан Әділбеков, қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары:
- Астана қаласының полиция департаменті электросамокат жүргізушілеріне қатысты жедел алдын алу іс-шараларын жалғастырып келеді. Электросамокат пен электровелосипед жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, қойылған талапқа жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Жол белгілеріне және бағдаршамға мән беру керек. Жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілеріне кедергі жасамау қажет.
Алматыда 9 мың самокат айып тұрағына қойылды
Ал Алматыда 9 мыңнан астам электросамокат айып тұрағына қойылды. Қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, кикшеринг компаниялары көлік құралдарын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс. Электросамокаттың сәйкестендіру нөмірі және техникалық жағдайы жақсы болуы керек. Кикшеринг компаниялары кәмелетке толмағандардың самокат пайдалануына тыйым салуы шарт.