Павлодарда қоқыс сұрыптау зауыты іске қосылды
Жобаға шамамен 5 млрд теңге инвестиция тартылды. Кәсіпорын жұмысы бірнеше кезеңнен тұрады.
Алғашқы кезеңде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жүзеге асырылса, алдағы уақытта органикалық тыңайтқыштар мен құрылыс материалдарын өндіру, сондай-ақ электр энергиясын алу көзделіп отыр. Жаңа кәсіпорынның жобалық өндірістік қуаттылығы жылына 150 мың тонна қалдықты өңдеуге есептелген.
Павлодардағы қоқыс полигондарының пайда болғанына кемінде 50 жыл. Әр жыл сайын шамамен 100 мың тонна қалдық жиналатынын ескерсек, осы уақыт ішінде полигондарда 5 млн тоннаға жуық қоқыс үйілген. Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша сұрыптау зауытының іске қосылуы бір күндік жұмыстың нәтижесі емес. Ауқымды жобаны жүзеге асыруға үш жыл бойы тиянақты дайындық жүргізілді.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
- Жалпы біздің қоқыстың тең жартысы ол тамақтың қалдығы деп айтуға болады. Азық-түліктің қалдығы, соның бәрін сұрыптау бізге өте маңызды деп санаймын. Болашақта 50 мен 60 мың тоннаның арасында соны сұрыптап, содан органикалық тыңайтқыш жасау. Органикалық тыңайтқышты біз толықтай ешқайда жібермей өзіміздің қаладағы көгалдандыру жұмыстары, жаңағы жасыл қорға күтім жасау жұмыстарына қолданатын боламыз.
Павлодарда жылына орта есеппен 130 мың тонна тұрмыстық қалдық түзіледі. Тұрғындардан шыққан қоқыс бұдан былай полигонға емес, бірден сұрыптау орталығына жөнелтіледі. Құны 5 млрд теңгеге жуықтайтын бұл жоба аясында 133 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Әлихан Албақов, «Сұрыптау орталығы» ЖШС басшысы:
- Қалдықтар пайдалы және зиянды фракцияларға бөлінеді. Пайдалы қалдықтар іріктеліп, одан әрі өңдеу үшін тиісті кәсіпорындарға жөнелтіледі. Пластиктің жеті түрі бар және барлық түрі қабылданады. Сонымен қатар картон, макулатура және қайта өңдеудің жаңа бағыты болып саналатын аккумуляторлар да өңдеуге жіберіледі.
Облыс үшін стратегиялық маңызы бар бұл жоба бірнеше кезеңді қамтиды. Алдымен қалдықтар терең өңделеді. Болашақты электр қуатын өндіру жағы да қарастырылмақ.
Азат Құлмағамбетов, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор:
- Бұл кәсіпорын шамамен қалдықтардың 30 пайызын сұрыптауға мүмкіндік береді. Оның бір бөлігі қайта өңдеуден өтеді. Шамамен 100 мың тонна тұрмыстық қалдық полигондарға көміледі.
Қалдықтарды кәдеге жарату және қоқыс көлемін азайту – экологиялық әрі заманауи жүйеге көшуді білдіреді. Болашақта мұндай сұрыптау орталықтары Ақсу, Екібастұз қалалары мен аудандарда да ашылады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков