Шымкентте опера және балет театрының құрылысы созылып кетті
Шымкентте опера және балет театрының құрылысын жүргізетін жаңа мердігер анықталды. Бұған дейін нысан құрылысына жауапты болған компаниямен келісімшарт бұзылған.
Қазір алдын ала төленген қаржыны қайтару үшін сотқа талап арыз берілді. Бұл туралы қалалық құрылыс басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Опера және балет театрының құрылыс жобасын бекіту бірнеше жылға созылды. Бұған дейін түрлі эскиздер таныстырылып, әлемнің озық стандарттары мен заманауи акустикалық талаптар жан-жақты талқыланды. Алайда көпшілік асыға күткен мәдени-рухани ошақ әлі күнге дейін бой көтермеді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Опера-балет театрының жаңа ғимаратын салу үшін Шымсити шағын ауданынан жер бөлінді. Әзірге учаскенің қазығы қағылып, жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шықаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады.
Сала мамандарының айтуынша, театр үшін 2,8 гектар жер телімі белгіленді. Топографиялық түсірілім жасалып, осыдан екі жыл бұрын мердігер де таңдалған. Бірақ олар жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмағандықтан, келісімшарт бұзылды. Енді жобаны жаңа компания жүзеге асырмақ.
Ердәулет Әжібаев, қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Келісім шарттың талаптарына сәйкес алғашқы аванстық төлем жүргізілген. Қазір ол алғашқы мердігермен келісім шарт үзілгеніне байланысты аванстық төлемді қайтару бойынша сотқа талап-арыз жолданды.
Ал өнер ұжымының қазіргі ғимараты тұрғызылғанына 40 жылдан асты. Бүгінгі заман талабына сай келе бермейді. Көрермен залының сыйымдылығы небәрі 330 адамға арналса, сахнаның тарлығы ауқымды қойылымдарға қиындық келтіреді.
Мәдіхан Дүйсеев, қалалық опера және балет театры директорының орынбасары:
- Бұл ғимаратта ондай акустикалық жағы қарастырылмаған. Бұл тек қана концерттік ғимарат болған. Билет сатып алып келген халық рухани демалып кетуі керек. Сондықтан өтіп жатқан сюжеттің, іс-қимылдың барлығы залдың артында отырған көрермендерге дейін жетуі керек. Техникалық жақтары да, акустикалық жақтары да мүлдем сай келмейді.
Осы қиындықтарға қарамастан театр әртістерінің репертуары бай. Көрермен үшін «Домалақ ана», «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан – Сара» сияқты опералар ұсынылып, ұлттық және әлемдік классиканың туындылары сахналанды. Сондықтан өнер иелері жаңа ғимараттың есігі ашылар күнді асыға күтіп жүр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов