Ақмола облысында техникалық мамандар тапшы
Ақмола облысында техникалық мамандар тапшылығы әлі де өзекті. Қазір өңірге 600-ден астам маман қажет.
Әсіресе өндіріс орындарында инженер-механик, оператор, дәнекерлеуші, электрик пен жүргізуші сияқты кәсіп иелеріне сұраныс жоғары. Жыл сайын грант саны артқанымен, кадр мәселесі толық шешілмей тұр.
Осыған байланысты өңірде бірден бірнеше кәсіпті меңгеруге мүмкіндік беретін жаңа мамандық ашылды. Жаңа тәсіл еңбек нарығындағы сұранысты өтеуге қаншалықты ықпал етеді?
Степногорск қаласындағы агрохимиялық өнім дайындайтын зауытта 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Бірақ, әлі елу шақты жұмысшы жетіспейді. Сондықтан зауыт басшысы жергілікті колледждермен тығыз байланыс орнатқан. «Әзірге, одан да нәтиже болмай тұр», - дейді.
Талғат Уәли, зауыт директоры:
- Иә, қажетті маман табу өте қиын. Жастардың көбі бұл салаға бара бермейді. Қазір бізде 45 адамның жұмыс орны бос тұр. Колледжедерге барып, жастарды шақырамыз. Бірақ келгісі жоқ. Бұл өз кезегінде зауыттың жұмысына да кері әсер етеді.
Жауаптылар кадр тапшылығын басқаша жолмен шешуді көздейді. Яғни, сұранысқа ие мамандықтарды қосып, бір маман иесін дайындау қажет. Осы мақсатта Көкшетаудағы коллеждердің бірінде биыл жаңа мамандық ашылды.
Нұрғали Әлжанов, студент:
- Мен негізі бұл колледжге электрик боламын деп келгенмін. Алайда мұнда хаус мастер мамандығы бар екенін көріп, оның өте ыңғайлы әрі көпфункционалды екенін біліп, осы мамандыққа түстім. Себебі бұл мамандық мені үш мамандықпен қамтиды. Мен тек электрик қана емес, дәнекерлеуші және ағаш ұстасы да бола аламын.
Қазір аймақтағы 20 шақты колледжде 7 жарым мыңнан астам бала техникалық мамандықтарды меңгеріп жатыр. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы университет бір жарым мың маман даярлайды. Алайда олардың барлығы бірдей оқу бітірген соң өз дипломы бойынша жұмысқа орналасатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себепті соңғы жылдары өңірде білім ошақтары дуалды оқыту жүйесіне баса көңіл бөліп отыр.
Ирина Ибрагимова, құрылыс технологиялық колледжі директорының орынбасары:
- Қазір колледжімізде 650 студент оқиды. Олардың 60 пайызы дуалды оқыту жүйесі арқылы білім алады. Осы мақсатта жергілікті 30-ға жуық кәсіпорынмен арнайы келісімшарт жасалған. Яғни студенттер ол жерде тәжірибеден өтіп, кейін жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Жұмыспен қамту басқармасының мамандары да мәселеден хабардар. Олардың сөзінше, маман тапшылығын жою үшін кәсіпорын бірден тиісті басқармаға өтініш беру керек. Өндіріске қажетті кадрларды тауып, арнайы оқыту сол кезден бастап қолға алынады
Болат Шәріпов, облыстық мансап орталығының директоры:
- Біз бұл мәселені қайта оқыту бағдарламасы арқылы шешіп жатырмыз. Яғни тұрғындар сұранысқа ие мамандық бойынша қысқа мерзімді 3 айлық курстан өте алады. Кейін сол құжаты бойынша қызметке қабылданады. Барлығы тегін жүргізіледі. Былтыр біз 400 адамды оқытсақ, жыл басынан бері 300-ден астам адамды қамтып үлгердік.
Қазір өңірде 7 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Жауаптылар олардың саны жыл санап қысқарып келеді деп сендіріп отыр. Өйткені жыл басынан бері 20 мыңға жуық адам уақытша және тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко