Қарағандыда 300 млн теңге жымқырды деген күдікпен компания басшысы тергеліп жатыр

Фото: depositphotos.com

Қарағанды облысында «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінген 300 млн теңге несие қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жүргізіп жатқан тергеу барысында аталған қаражаттың егіс науқанына жұмсалатын шығындарды төлеу деген желеумен екі ЖШС-ге аударылғаны анықталған.

Атап айтқанда, шамамен 148 млн теңге тұқым сатып алуға, тағы 152 млн теңге ауыл шаруашылығы техникасын жалға алуға, оның ішінде жанар-жағармай мен еңбек ақысына жұмсалуы тиіс болған.

Алайда тергеу мәліметінше, іс жүзінде тұқым сатып алынбаған, техника жалға алынбаған және көрсетілген жер телімдеріне ауыл шаруашылығы дақылдары егілмеген.

2025 жылғы мамырда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы мен «Рашан» ЖШС арасында айналым қаражатын толықтыру үшін қарыз беру туралы шарт жасалған. Қарыздың орындалуына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кепілдік берген.

Шартқа сәйкес, «Рашан» ЖШС-нің шотына 300 млн теңге аударылған.

Қазір «Рашан» ЖШС директоры күдікті деп танылды. Сот санкциясымен оның мүлкіне тыйым салынды.

Тергеу жалғасып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз: