Абай облысында жастар жұмысшы мамандықтарға бет бұрды

Абай өңірінде слесарь, дәнекерлеуші сынды жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары.

Еңбек нарығындағы бұл қажеттілік жастардың кәсіптік мамандықтарға деген қызығушылығын арттырып отыр. Қазір колледждердегі 5 мың студенттің 2 мыңнан астамы жұмысшы мамандықтарын меңгеріп жатыр.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Қазір еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарына сұраныс артты. Әсіресе слесарь мен дәнекерлеуші секілді кәсіп иелері әр салада қажет. Сондықтан жастар арасында осындай мамандықтарды таңдаушылардың қатары көбейіп келеді.

Абай колледжінің 2-курс студенті Ақжан Серік тракторшы-машинист мамандығын таңдаған. Жастайынан техникаға қызыққан ол қазірдің өзінде көлік жүргізуді еркін меңгеріп, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеудің қыр-сырын үйреніп жүр. Болашақта туған ауылында қалып, еңбек етуді жоспарлайды.

Ақжан Серік, студент:

- Бұл мамандықты таңдаған себебім, бұл мамандық өзіме ұнайды. Ал колледж бітірген соң ауыл шаруашылығы саласына өз үлесімді қосқым келеді. Тракторлерді қалай жөндеу керегін, біз сол арқылы көріп үйренеміз. Біліп жатамыз қайсысы қай жағынан екенін.

Нұртай Әбділманов өндірістік оқыту шебері:

- Бізде контактілік-нүктелік дәнекерлеу аппараты бар. Сондаймен қазіргі шығып жатқан автокөліктің қосалқы бөлшектерін, кузовтарын жасауға бейімдеп жатырмыз. Қызығушылықтары бар студенттердің. Таза жерде заманауи технологиялармен жұмыс істесек деген құлшыныстары бар.

Партада отырғандардың арасында үш баланың анасы Анар Анкебаева да бар. Он жылдан астам уақыт ұстаздық еткен ол ауылға оралып, ауыл шаруашылығы саласына бет бұрған. Қазір 44 жастағы студент мал дәрігері мамандығын меңгеріп жүр. Оның айтуынша, жаңа кәсіп игеруге жас ешқашан кедергі емес.

Анар Анкебаева, студент:

- Оқудың ерте-кеші жоқ. Өйткені өз жасым 44 жаста болсам да осы мал дәрігері мамандығына келіп оқып алуды жөн көрдік. Өзіміз ауылшаруашылығында болғандықтан, бізге бұл сала керек болғандықтан оқып жатырмыз.

Абай ауданындағы Абай колледжі ауыл шаруашылығы және техникалық бағыттағы жұмысшы мамандарды 2009 жылдан бері даярлап келеді. Қазір мұнда 108 студент білім алып жатыр. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы да жыл сайын жаңарып, жетілдіріліп келеді. Колледжде жатақхана, оқу шеберханалары және ауыл шаруашылығы техникаларына арналған арнайы бокс бар.

Ержан Қырқымбаев, Абай колледжі директорының міндетін атқарушы:

- Ауылдық жерде жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестердің сұранысын зерделей отырып сол бағытта мамандарды даярлаймыз. Әрине студенттерді байқап қарасақ, қызығушылығы артып келе жатыр деп айтуымызға болады. Биылғы жылы енді 57 студент тәмамдаған болатын. Оның 73 пайызы жұмыспен қамтылды. 

Колледж басшылығының айтуынша, түлектердің басым бөлігі ауылда қалып, алған мамандығы бойынша еңбек етуге ниетті. Ал колледж ашылғалы бері мұнда мыңға жуық жас білім алып, түрлі салада еңбек етіп жүр.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Сондай-ақ оқыңыз: