Жамбыл облысында 8 айда 11 мыңнан аса жол ақауы табылды
Ал Жамбыл облысында автомобиль жолдарынан 11 мыңнан аса ақау табылды. Бұл биылғы 8 айда жүргізілген тексерістің нәтижесі.
Жол-техникалық инспекция қызметкерлері 19 мың шақырымнан асатын автожолды тексерген. Сөйтіп өз ісіне салғырт қараған жауапты тұлғаларға айыппұл салды. Жалпы биыл аймақта жол саласына 23,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат қайда жұмсалып жатыр.
Тараздағы Қажымұқан көшесіне 5 жыл бұрын газ құбыры жүргізілген. Кейін ауызсу желісі де тартылды. Құрылысшылар сол кезде алфальт жабындысын қопарып, кейін бетін топырақпен жауып кеткен. Содан бері көше осы күйде. Тұрғындар қала әкімдігіне өтініш жазғанымен, тек уәдемен шектеліп отыр.
Күләш Қасабекова, қала тұрғыны:
- Осы жазда істейміз деп уәде бергеніне екі жыл өтті. Алайда сол жауаптан бері ешқандай жұмыс істелген жоқ. Біздің көше орталықта орналасқан. Жаздыгүні шаң бұрқырап жатса, қыста қар жауып, тұрғындар мен балаларға өте қолайсыз жағдай туғызады. Тіпті кішкене жаңбыр жауса, жол батпаққа айналып, көршінің үйіне барудың өзі мұңға айналады.
Қажымұқан көшесі биыл жөнделмейді. Жергілікті билік жөндеу жұмыстарын келер жылдың жоспарына енгізген. Жалпы Таразда 1700-ден аса көше болса, оның 500-ге жуығы әлі де жөндеуді қажет етіп тұр. Ал биыл облыстың жол саласына 23,4 млрд теңге бөлінді. Оған 73 жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 134 шақырым жол жөнделіп, көпір мен теміржол өткелдері салынады. Арасында жылдар бойы мәселеге айналған Мойынқұм ауданына апарар жалғыз жол бар.
Досжан Жантелиев, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
- Ұзындығы 16 шақырымды құрайтын Бірлік – Мойынқұм – Ұланбек автожолының 10-26 шақырым аралығындағы жөндеу жұмыстары биыл басталды. Келісімшарт бойынша жоба екі жылға есептелген, ал жалпы бөлінген бюджет 800 млн теңгені құрайды. Биыл қарастырылған 400 млн теңге толық игеріліп, 8 шақырым жол пайдалануға берілді. Осылайша, ағымдағы жылға жоспарланған міндеттер толық аяқталды, ал жолдың қалған бөлігі күтіп ұстау режиміне көшіріліп, келесі жылға өтті.
Мемлекет бюджетіне салынған жолды әрі қарай жергілікті билік күтіп ұстауы керек. Алайда жұмысына салғырт қарайтын әкімдік қызметкерлері де бар. Мәселен жол-техникалық инспекцияның мамандары жыл басынан бері 19 мың шақырым автожолды тексеріп, 11 мыңнан астам ақау анықтаған. Комиссия кемшіліктерді жою үшін жол ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдарға 2400 нұсқама жолдаған. Дегенмен талапқа құлақ аспағандар да бар. Өз ісіне салғырт қараған 285 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ержан Мананбаев, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Берілген нұсқамаларды орындаманы үшін, ауылдық округтік әкімдіктердің лауазымды тұлғаларына қатысты ӘҚБ коддексінің 462- бабының 3-бөлігіне сәйкес 30 әкімшілік хаттамалар толтырылып бүгінгі таңда 12 млн тг-ден астам айыппұл салынды.
Биыл өңірде облыстық маңызы бар – 33, аудандық – 19,7, елді мекендердегі 76 шақырым жол асфальтталмақ. «Жауапты басқарма өкілдері осылайша облыстағы автомобиль жолдарының 99 пайызын жақсы жағдайға жеткіземіз», - дейді. Ал жолдарды күтіп ұстауға 4 млрд теңге бөлінген.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә