Жамбылда 450 мың тонна өнім жиналмақ

Биыл Жамбыл диқандары 9900 гектар алқаптан 450 мың тонна қант қызылшасын жинауды жоспарлап отыр. Қазір 202 шаруашылық өнімдерін жинап жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Салаға жауапты мамандар: «Өнімді өткізу бойынша мәселе туындамайды», - дейді.

Мерей Бает, тілші:

– Биыл жамбылдық шаруалар 9900 гектар жерге мынадай қант қызылшасын еккен. Бір аптадан бері жинау жұмыстары басталып кетті. Жалпы өңірдегі диқандар биылдыққа 450 мың тонна қант қызылшасын жинауды жоспарлап отыр.

Қуаныш Көбейгенов биыл 37 гектар жерге қант қызылшасын еккен. Қазір гектардан орташа есеппен 100 тонна өнім алып отыр. Айтуынша, тәтті түбірді өсіру оңай іс емес. Дән себуден бастап өнім жинағанға дейін шаруаның бейнеті де, шығыны да аз емес.

Қуаныш Көбейгенов, шаруа:

– Әр гектарға ұрығын алсақ, 600 мың теңге болады. Нитроаммофос, силитра гектарына жарты тоннадан айналады. Яғни ол – 300-280 мың теңге. Шөп улайтын дәрілер, құтқа, витаминдер, соңында егін жинау кезі бар, соның бәрін қосқанда 1 гектары 1,5 млн-ға айналады.

Биыл өңірде 202 шаруашылық қант қызылшасын өсіріп отыр. «Жауапты басқарма мамандары биыл жиналған өнімді өткізуден мәселе туындамайды», – деді. Себебі Меркі қант зауыты ескірген қондырғыларын жаңартып, қуаттылығын 250 мың тоннаға жеткізген. Сондай-ақ Тараз қант зауыты да қайта жаңғыртудан өтіп іске қосылған. Қазір облыс орталығына жақын 6 ауданның диқандары өнімдерін осы зауытқа өткізіп жатыр. Ал Шу, Қордай, Меркі аудандарының шаруалары өнімдерін Меркі қант зауытына өткізуде.

Нұрғиса Қанқожаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Зауыт 25 жыл бойы қант қызылшасын өңдеумен айналыспаған. Осыған байланысты жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қызметкерлердің қант қызылшасын өңдеу процесіне бейімделуі үшін алғашқы іске қосу кезеңінде шағын көлемде шикізат қабылдау лимиті белгіленген. Қазіргі уақытта тәулігіне орта есеппен 1000 тонна қант қызылшасы қабылдануда. Зауыт толық іске қосылғаннан кейін оның өндірістік қуаттылығы тәулігіне 3000 тоннаға дейін жетеді.

Қазірдің өзінде 1400 гектар алқаптан 85 мың тонна қант қызылшасы жиналған. Жалпы қызылша еккен шаруашылықтарға мемлекет тарапынан әр келісіне 25 теңгеден субсидия төленеді. Оған қоса қант зауыттары да келісіне 15 теңгеден көмек қаржы береді.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев

Сондай-ақ оқыңыз: