Оралда халықаралық конференция басталды
Бүгін Орал қаласында қазіргі заманғы флебологиядағы тамырды сақтау тақырыбына арналған халықаралық конференция басталды.
Конференция барысында жергілікті хирург Жанайдар Қазтуғанов варикоз яғни кеңейген тамырға операция жасаудағы жаңа әдістермен бөлісті. Оралдық дәрігер елімізде алғаш болып, тамырды бүлдірмей емдеу тәсілдерін енгізген еді.
Жанайдар Қазтуғановтың есімі Жайық жұртшылығына жақсы таныс. Мыңдаған сырқаттың жүрегіне сәтті операция жасаған майталман маман аймақтар арасында алғаш болып жүректі тоқтатпай, ота жасауымен танылды. Кейін флебологияға ауысып, бұл салада да тыңнан түрен салды. 2019 жылы CLaCS әдістемесінің негізін қалаушы бразилиялық профессор Казуо Миякенің өзінен жаңа тәсілді үйренді. «Бұрын жүрекке операция жасағанда, науқастың аяғынан тамыр таппай талай қиналғанымыз бар, сондықтан варикозды емдейміз деп венаны беталды бүлдіруге қарсымын», - дейді ол.
Жанайдар Қазтуғанов, флеболог-хирург:
- CLaCS терапиясының ерекшелігі – склеротерапияға тән асқынулардың болмауы. Сол себепті мен 2000 жылдан бері склеротерапиядан мүлде бас тарттым және қазір оны қолданбаймын. Мен, мүмкін, тек CLaCS терапиясын қолданатын жалғыз дәрігер шығармын. Егер адамға жүрекке операция, яғни аорто-коронарлық шунттау қажет болса, немесе аяқ артериялары зақымдалып, атеросклероз не қант диабеті салдарынан қан тамырларында өзгерістер болса, бұл асқынуларға әкелуі мүмкін. Ең бастысы – адам өмірін сақтап қалуға көмектесетін маңызды тамырлардың бірі осы вена болуы мүмкін. Ол көптеген жағдайда өте қажет. Сондықтан бұл тамырды сақтаудың маңызы өте зор.
Бүгінгі халықаралық конференцияға шетелден және еліміздің әр қаласынан 50-ге тарта дәрігер-маман жиналды. Олар жаңа технологияның теориясына ғана қанығып қоймай, шеберлік сағатында тамырды тарылтудың қыр-сырын үйренуде. Солардың бірі жапондық Тахакиро Имай. Танымал доктор оралдық Жанайдар Қазтуғановтан үйренгені көп екенін айтады.
Тахакиро Имай, жапондық тамыр хирургы:
- Қазақстанға келген сапарымның мақсаты — тәжірибе алмасу. Жанайдар Қазтуғановтан CHIVA, ASVAL және CLaCS тәсілдерін үйрену. Қазақстанда мықты дәрігерлер бар екеніне көзім жетті. Болашақта Қазақстанда флебологияның қарқынды дамитынына сенімдімін. Варикозды емдеу кезінде тамырды сақтауға бағытталған тәсілдердің болашағы зор деп ойлаймын.
Заманауи флебологиядағы тамыр сақтау тәсілдері тақырыбындағы халықаралық конференция үш күнге ұласпақ.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов