Алматы облысында жастар экологиялық жұмысқа тартылды
Алматы облысында «Жасыл ел» еңбек жасағына 700-ге жуық жас жұмысқа алынды. Олар саябақтар, гүлзарлар, жағалаулар мен өзге де қоғамдық орындарды тазалап, абаттандырумен айналысады.
Биыл мыңнан аса жасты маусымдық жұмыстарға тарту жоспарланған. Қонаев қаласының 16 жастағы тұрғыны Жасмин «Жасыл ел» жобасына биыл екінші рет қатысуда. 11-сынып оқушысы ҰБТ-ға дайындалып жүрсе де, бос уақытын тиімді пайдаланып, жасақ құрамында еңбек етіп жүр. Олар қоғамдық орындарды тазалап, абаттандырып қана қоймай, қарттарға қол ұшын созады. Жасмин табыс тауып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғап, қатарластарына үлгі болып жүр.
Жасмин Тұрлағазықызы, «Жасыл ел» еңбек жасағының қатысушысы:
- Бір ай көлемінде біз аулаларды тазалаймыз, көбінесе көпқабатты үйлердің аулаларын, сонымен қоса бірнеше рет үлкен кісілердің үйлерін жинауға көмектескен болатынбыз. Үйсіз жүрген жануарларға тамақ береміз, саябақты тазалау жұмыстарын атқарамыз.
«Жасыл ел» жобасына жыл сайын облыста 14 пен 35 жас аралығындағы мыңға жуық жас қатысады. Кәмелетке толмағандар күніне төрт сағаттан, аптасына бес күннен артық жұмыс істемейді. Қатысушылар айына 85 мың теңге жалақы алады.
Аяжан Боранбаева, облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы:
- Алматы облысында қазіргі таңда 700-ге жуық жасақшы жұмыс жасап жатыр. Негізгі оның санын мыңға жеткізу жоспарданып отыр. «Жасыл ел» жасақтары бізде жыл сайын болады. Ол біздің балаларымыздың, яғни жастарымыздың алғашқы жұмыс орны болып табылады. Ең алғашқы мақсатымыз – оларды тазалыққа баулу, сонымен қатар ең алғашқы жұмыс орнымен қамтамасыз ету.
Жыл басынан бері Алматы облысында 25 облыстық сенбілік өткен. Оған 500 мыңнан астам адам қатысты. Экологиялық іс-шараларға қатысушылар 13 мың тоннадан астам қоқыс шығарып, 100 мыңнан астам көшет екті.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Гүлім Советхан, Аманжол Жөнкешов