Ақтөбеде картоп жинау науқаны басталды
Ақтөбеліктер картоп жинап жатыр. Биыл қаланың тұрақтандыру қорына 9 мың тонна картоп сақтау жоспарланған.
Бұдан бөлек, өзге де көкөніс және ауыл шаруашылығы дақылдарынан қор жасақтау жоспары бар.
Бұл шаруашылыққа көктемде картоп егуге 196 гектар жер берілген. Соның жартысы жуық алқабының әр гектарынан 20 тонна өнім жиналды. Терілген картоп сұрыпталып, көкөніс қоймасына жіберіледі. Өнімнің бір бөлігі тұрақтандыру қорында сақталады.
Степан Гайдарь, «СХФ Пригородный» ЖШС атқарушы директоры:
- Ауа райы мүмкіндік берсе, картоп теруді 10 қазанға дейін аяқтаймыз. Биыл 14 гектар жерге пияз ектік. Енді соны жинауға дайындалып жатырмыз. Тағы 14 гектар алқапта сәбіз бар. «Гала» сұрыпты қызылша да еккенбіз. Ол сәл кейіндеу жиналады.
Қалада тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін шаруалармен алдын ала келісімшарт жасалған. Қоймаларға 9 мың тонна картоп, 2 мың тонна сәбіз, 1,5 мың тонна пияз және бір мың тоннадан астам қырыққабат жинау жоспарланған. Көкөністер маусымаралық кезеңде нарықта төмен бағамен сатылады.
Снежанна Кулекенова, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Қалада 500 мыңдай тұрғын бар. Біздің мақсатымыз – халық күнделікті тұтынатын көкөністің 50 пайызын қор арқылы қамтамасыз ету. Бағасын нарықтағыдан 10, 20 пайызға дейін төмен қоя аламыз.
Биыл аймақта 3 мың 300 гектар жерге картоп егілсе, тағы 2 мың 100 гектар аумаққа сәбіз, пияз, қырыққабат және қызылша тұқымы себілген. Ауыл шаруашылық дақылдары негізінен Қарғалы ауданы мен Ақтөбе қаласында өсіріледі. Егіншілікпен айналысатын шаруаларға осы жылы мемлекеттен 2 млрд теңгеден астам субсидия берілген.
Нұрбек Райымбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Ағымдағы жылы өсімдік шаруашылығын қолдауға жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге субсидия қарастырылды. Яғни гербицидтер және минералды тыңайытқыштардың құнын азайтуға, тұқым шаруашылығын дамытуға. Қазіргі уақытта субсидиялау бағыттары бойынша өтінімдерді қабылдау және төлем жүргізу жұмыстары жалғасуда.
Мамандардың айтуынша, биылғы өнім көлемі өткен жылдардағы көрсеткішпен шамалас болуы мүмкін. Жалпы өңір диқандары науқас аяқталғанша 60 мың тонна картоп, 40 мың тоннадай басқа да көкөніс жинауды мақсат етіп отыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков