Түркістанда шаруалар агробизнесті дамыту жолдарын талқылады
Түркістанда қазақстандық фермерлердің басын қосқан ауқымды агрофорум өтті. «Өзгермелі орта жағдайында агробизнесті өркендету және ауқымын кеңейту» тақырыбындағы жиында ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері көтерілді. Шаруалар мен сарапшылар өндіріс тиімділігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және нарықтағы өзгерістерге бейімделу жолдарын талқылады, деп хабарлайды 24KZ.
KMF Банк пен KMF-Демеу корпоративтік қоры ұйымдастырған агрофорумға 800-ге жуық шаруа қатысты. Оның 650-і онлайн байланыс арқылы көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Жиында өндіріс шығындарын азайту мен табысты арттыру жолдары талқыланды. Тәжірибелі шаруалар мұндай кездесулердің кәсіпті дамытуға септігін тигізетінін айтады.
Мейірхан Дүйсенбі, агрофорумға қатысушы:
– Бұл форумның пайдасы халыққа да, өзімізге диқанға да пайдасы өте көп. Мынау гербицидтерді қалай пайдалану, ұрықтар, тамшылатып суғару жөнінен көп мәліметтер алдық.
Форумда егін шаруашылығында жиі кездесетін мәселелер де көтерілді. Мамандардың айтуынша, топырақ құрамын ескермей дақыл егу өнімділікті төмендетіп, қосымша шығынға әкелуі мүмкін.
Нариман Масалиев, бизнесті дамыту менеджері:
– Әрбір ауданның өзінің топырақ климаттық ерекшеліктері бар. Сол үшін соған бейімделу керек. Соны ескере отырып, агротехниканы дұрыс құрастыру арқылы жоғары өнім алуға болады.
KMF Банкі 28 жылдан бері ауыл кәсіпкерлерімен жұмыс істейді. Шаруаларға қаржылай қолдаумен қатар, кәсіби білім беру мақсатында KMF-Демеу қорымен бірлесіп, осымен 9-шы агрофорумын өткізді.
Нұриддин Жасымбеков, KMF акционерлік қоғамының аймақтық директоры:
– Қатысушылар үшін маңызы – бүгінгі форум өздеріне қажетті жаңа шешімдер қабылдау бойынша мүмкіндіктер мен идеяларды талқылайтын алаң.
Форум аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі де өтті. Онда шаруалар заманауи технологиялармен танысып, өндіріске енгізуге болатын жаңашылдықтар туралы ақпарат алды.
Авторлары: Айшабибі Көшеман, Ерболат Әбіш