Түнгі тыныштықты бұзған жүргізушілерге бақылау күшейтіледі
Жол қауіпсіздігі мәселесі қаралған отырыста Премьер-министр Олжас Бектенов қатты шу шығаратын автомобильдер мен мотоцикл жүргізушілеріне қатысты шараларды күшейту қажеттігін айтты, деп хабарлайды 24KZ.
Ержан Сапарбекұлы, қатты шуылдайтын мото және авто көлік мәселесін неше рет өзіңізбен бірге талқыладық. Оларға өте қатаң шаралар қабылдау қажет. Әйтпесе түннің ортасында адамдардың мазасын алып, ұйқы бермей жатыр. Осыған байланысты қандай шаралар атқарып жатсыздар? – деді Олжас Бектенов.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов полицияның мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын айтты. Бұл ретте бейнебақылау камералары сияқты цифрлық шешімдер қолданылады. Сондай-ақ тұрғындар мұндай фактілер туралы 102 нөміріне белсенді түрде хабарлайды.
Жыл басынан бері қатты шуға қатысты 782 құқық бұзушылық дерегі тіркелген. Барлық құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 55 адам қамауға алынған. Құқық бұзушылыққа қатысы бар автокөліктер мен мотоциклдер айыппұл тұрағына қойылады.
Министр бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілетінін атап өтті.
Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты органдарға түнгі уақытта қатты шу шығаратын көлік жүргізушілеріне қатысты бақылау мен шараларды күшейтуді тапсырды.