6 млрд теңгеден астам қаржыға жаңғыртылған Шу вокзалы ашылды
Жамбыл облысының Шу қаласында қайта жаңғыртудан өткен тарихи теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Жоба Мемлекет басшысының теміржол вокзалдары мен инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды «24KZ».
Вокзалды жаңғыртуға 6 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ал нысан маңын абаттандыруға 524 млн теңге бағытталды.
Жұмыс барысында вокзал ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, инженерлік желілері жаңартылды. Күту залдары мен жолаушыларға қызмет көрсету орындары жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілді. Нысанда ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен балалы жолаушылар үшін кедергісіз орта қалыптастырылды.
Шу вокзалы 1989 жылы пайдалануға берілген. Бұл — нысанға жасалған алғашқы күрделі жөндеу.
Жамбыл облысында барлығы бес теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тараз, Шу, Түрксіб, Отар және Боранды станцияларындағы жобалардың жалпы құны 14,1 млрд теңгені құрайды.
Шу қаласында теміржол саласына қатысты 20-дан астам мекеме жұмыс істейді. Салада мыңнан астам адам еңбек етеді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз