«Mardan» тұрғын үй кешенінің ісі сотқа жетті: күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды
Астана қаласында «Mardan» тұрғын үй кешенінің құрылысына үлескерлердің қаражатын заңсыз тартуға қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып сотқа жолданды, деп хабарлайды «24KZ».
Тергеу мәліметтері бойынша, қылмыстық топтың заңсыз әрекетінен 274 отбасы зардап шегіп, келтірілген жалпы залал сомасы 4,1 миллиард теңгені құрады.
Анықталғандай, қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар міндетті рұқсат құжаттарынсыз салымшылардың ақшасын тартып, оны мақсатсыз пайдаланған, ал құрылыс жұмыстары өрескел заң бұзушылықтармен жүргізілген.
Жәбірленушілердің мүддесін қорғау және азаматтық талаптарды қамтамасыз ету үшін сот санкциясымен 1 миллиард теңгеден астам сомаға күдіктілердің жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салынды.
Қазіргі таңда 4 күдікті қамауға алынып, іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілді.
Осы орайда елорда прокуратурасы азаматтарды сақ болуға шақырып, салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алмас бұрын тиісті рұқсат құжаттарының бар-жоғын міндетті түрде тексеру керектігін ескертеді.