Шымкентте кибершабуылға қатысты 378 қылмыс тіркелді
Биыл Шымкентте кибершабуылға қатысты 378 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Күдіктілердің заңсыз әрекеттерінің кесірінен тұрғындардың миллиондаған қаржысы жымқырылды.
Мамандардың сөзінше, соңғы уақытта адамдардың сеніміне кіру үшін жасанды интеллект технологиялары да белсенді қолданыла бастаған. Сондықтан өңірде «кибермәдениет» айлығы қолға алынды.
Қала тұрғындарына интернет алаяқтарының кесірінен 1 млрд теңгеден астам шығын келтірілді. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында оның 220 млн теңгесі өндіріліп, иесіне қайтарылды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес құқық бұзушылықтың небәрі 41% ғана ашылды.
Шыңғыс Жайлаубек, қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының м.а:
- 28 қылмыстық топ ұсталды. Яғни қылмыстық топта екі немесе одан да көп адамды құрайтын топ ұсталды. Жалпы 170 қылмыста 90 адам қылмыстық жауапқа тартылды. Ол жерде көп эпизодты істер де бар. Яғни бар шоттардағы ақшаны қайтардық және күдіктілерден сот арқылы ақша өндіріліп, қайтарып берді.
Қылмыстық жолмен алынған ақшаның ізін жасыруға көмектескен тұлғаларға да заң аясында қатаң жаза қарастырылған. Биылдың өзінде 38 дропперлік құқық бұзушылық тіркеліп, оның 11 ісі сотқа жолданды. Осыған байланысты өңірдегі білім беру ұйымдарында оқушылар мен жастардың кибермәдениетін арттыруға бағытталған айлық басталды.
Мерей Құдайберген, қала тұрғыны:
- Жақындарымның басынан өтті. Қазіргі таңда WhatsApp арқылы «сіздегі паролді айтыңыз, біз алдын аламыз» деп звондап, сіздің шотыңыздан ақша алынып жатыр. Ол кезде адамда қобалжу болады және ол ақшасын шешіп, сол адамға салған. Миллиондай ақша болған. Сол себепті кез келген адамға сене бермеу керек. Міндетті түрде арнайы органдарға звондау керек деп есептеймін.
Танымдық шарада дербес деректерді қорғау және әлеуметтік желінің жауапкершілігі туралы түсіндіріліп жатыр. Сонымен қатар, сала мамандары цифрлық сауаттылықты арттырудың маңыздылығына тоқталып, киберқауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Ернұр Қырғызбаев, қалалық Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары:
- Неге сіздерге екі факторлы аутентификация қолданыңыздар деп жатырмыз. Түскен жағдайда да оларға рұқсаттама берілмейді және неге күшті пароль қолданыңыздар деп жатырмыз. Brute Force деген тәсіл бар. Падбор паролья. Оңай тәсілмен сіздердің парольдарыңызды алып алады.
Биыл интернет алаяқтарына алданғандар саны азайды. Полиция қызметкерлері көрсеткіштің төмендеуіне түсіндіру жұмыстарының септігі тигенін айтады. Алайда кейіннен күдіктілер жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдана бастағаны байқалады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов