Астанада көлік ауыстыру тораптары салынады
Алдағы уақытта Астана маңындағы елді мекен тұрғындары көліктерін арнайы тораптарға қалдырып, қоғамдық көлікпен жүретін болады.
Бұл мақсатта шаһардың шеткей аудандарында көлік ауыстыру тораптары салынбақ. Тамыз айында қаланың бас жоспарына тиісті өзгерістер енгізілген екен. Енді осы түзетулерге сәйкес, 6-8 тораптың құрылысы қолға алынады. Осылайша, Астанада көлік санын азайтып, жолдағы қозғалысты оңтайландыру көзделіп отыр. Себебі қарбалас мезгілде 3,5 мыңнан астам адам қоғамдық көлікке мінеді. Жеңіл автокөліктердің де нөпірі қалың. Келешекте уақыт үнемдеу үшін шаһарға өз көлігімен кіретіндер оны арнайы торапта қалдырып, әрі қарай жеңіл рельсті көлік, автобус немесе трамвай қызметін пайдалана алады.
Гүлдана Әбіш, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы:
- Автобустың арнайы желісі болады. Сондай-ақ қаланың кіре берісінде көлік нөпірі қалың жерлерде трамвай және Тарлан желісі де тартылады. Қазір біз негізінен іскери орталықтарды жобалап жатырмыз. Солардың маңында көлік ауыстыру тораптарын, яғни ауқымды автотұрақтарды қондырудың амалы қарастырылуда. Сонымен қатар бұл маңда тұрғындардың қолайлығы үшін қоғамдық нысандар салынады. Яғни қалаға кірмей-ақ, шаруасын тындырып кері қайтатындай мүмкіндік жасалады.
Маманның айтуынша, трамвай желілері «Тарлан-Астана» іспетті болмақ. Айырмашылығы тегіс жермен жүргенінде ғана. Бұл әрине, алдағы уақытқа құрылған жоспар. Ал бүгінгі таңда «Тарлан-Астана» желісінің екінші, үшінші және төртінші бағыттары салынып жатыр. Атап айтқанда, екінші желі Сығанақ-Тұран-Сарыарқа-Жеңіс көшелері арқылы шаһардың оң және сол жағалауын жалғайтын болады. Ұзындығы 9 шақырымнан асады. 9 станса арасындағы қашықтық 1 шақырымға жетер-жетпестей. Үшінші желі Сығанақтан Шыңғыс Айтматов көшесіне дейін тартылып жатыр. 8 шақырымнан асатын желі 9 стансаны қамтымақ. Аялдамалар арақашықтығы 1 шақырымға жуықтайды. Төртіншісі – Астана-Қосшы бағыты. 9 шақырымдық желі бойында әр үш шақырым сайын бір-бір стансадан, яғни барлығы 3 станса қондырылады. Жалпы «Тарлан Астананың» алғашқы желісі іске қосылғалы 8 млн жолаушы осы көлікке мініпті. Жыл соңына дейін бұл сан 10 млн-ға жетуі әбден мүмкін. Қала әкімдігі осылай деп топшылап отыр. Өйткені кедергісіз жүйткитін вагондарға күн сайын 70 мыңнан астам адам отырады.