«Бұлай әрекет етпеуі тиіс»: ІІМ туристік полицейлердің неге жұмыстан қуылғанын түсіндірді
Астанада әлеуметтік желіде тараған шулы видеодан кейін жұмыстан босатылған туристік полицияның екі қызметкеріне қатысты Ішкі істер министрлігі ресми түсінік берді. Ведомство өкілі бұл шешімнің қандай негізде қабылданғанын түсіндірді, деп хабарлайды «24KZ».
Журналистер аталған қызметкерлердің әрекеті қоғамға қандай зиян келтіргенін және бұл жағдай неліктен жұмыстан шығаруға негіз болғанын сұрады. Игорь Лепеха бұл шешім қоғамда түрлі пікір тудырғанын мойындап, мәселе тәртіптік комиссияда жан-жақты қаралғанын жеткізді.
Біз бұл мәселені тәртіптік комиссияда қарадық. Комиссия қызметкерлердің әрекетінен қызметтік этика мен полицейлердің тәртіп талаптарын бұзу дерегін анықтады, - деді вице-министр.
Оның айтуынша, қызметтік міндетін атқарып жүрген және форма киген тәртіп сақшылары мұндай мінез-құлыққа жол бермеуі тиіс.
Қызметтік міндетін атқарып жүрген және форма киген полиция қызметкерлерін блогерлердің қолдарына көтеріп жүруіне жол беруге болмайды. Мүмкін, біз дәстүрлі көзқарастағы адамдар шығармыз, бірақ тәртіп сақшылары бұлай ұстамауы тиіс деп есептейміз. Мүмкін, олар өздерін мәдениет саласында табалар, - деп қосты Игорь Лепеха.
Комиссия шешімімен аталған қызметкерлер ішкі істер органдарынан босатылды. Оның сөзінше, ойын-сауық контентіне қатысу полицияның тікелей функцияларына кірмейді.
Егер біз билеп, ән айтатын болсақ, мұны полицияның басты функциясы деп атау екіталай. Мүмкін, бұл жекелеген жағдайларда және жұмыс уақытынан тыс уақытта рұқсат етілер, - деп түйіндеді ІІМ басшысының орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Астана қаласының туристік полициясының екі қызметкері мен шетелдік блогердің қатысуымен түсірілген видео тараған болатын. Кадрлардан ер адамның қыздарды көтеріп жүргені көрінген еді. Осы оқиғадан кейін қызметкерлер тәртіптік комиссия шешімімен жұмыстан босатылды.