Қазақстанда шетелдіктерге арналған мамандықтар тізімі кеңейтіледі
Қазақстан шетел азаматтарына тұрақты тұруға рұқсат алуға мүмкіндік беретін мамандықтар тізімін кеңейтпек. Қазір тізімде 51 мамандық болса, оның санын 174-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген бұйрық жобасында айтылған. Құжат «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Ұсыныстар 6 қазанға дейін қабылданады.
Министрлік жаңа тізім ел экономикасының қажеттілігі мен басым бағыттарын ескере отырып жасалғанын атап өтті. Өзгеріс сұранысқа ие жоғары білікті шетелдік мамандарды Қазақстанға тартуды жеңілдетуге бағытталған.
Бастама Мемлекет басшысының биыл 25 сәуірдегі №1242 Жарлығымен бекітілген көші-қон саясатын жетілдіру шаралары аясында жүзеге асырылмақ. Оның негізгі міндеттерінің бірі – білікті мамандарды, шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлерді елге тартуға қолайлы жағдай жасау.