Тараздық отбасы химия зауытында 100 жыл еңбек етіп келеді

Жамбыл өңірінде бір ғана химия саласында 10 мыңға жуық маман еңбек етеді. Қатарда кәсіби жолын енді бастаған жастар, 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен ардагерлер де бар.

Бір мамандықты бірнеше буын жалғаған отбасылар да аз емес. Кәмілхан Жұматинов Тараздағы минералды тыңғайтқыш өндіретін зауытқа 1982 жылы жас маман болып жұмысқа орналасты. Содан бері химия өнеркәсібінен қол үзбей 42 жыл еңбек етті. Қазақстанның құрметті энергетигі атанды. Талай жас маманға бағыт-бағдар беріп, маман ретінде өсуіне ықпал етті.

Кәмілхан Жұматинов, еңбек ардагері:

- Бір жерде 42 жыл жұмыс істеу үшін, ең алдымен, өз мамандығыңды сүюің керек. Осы салада ұзақ жылдар бойы тұрақтауымның басты себебі де – өз ісіме деген сүйіспеншілік. Осындай ұжымда еңбек етіп, осындай балаларды тәрбиелегенім үшін өзіме ризамын. Балаларға айтарым: егер бір шешім қабылдап, белгілі бір мақсатты көздесеңдер, жолыңнан қайтпаңдар. Төзімділік танытқан адамға Жаратқан да қайрат береді. Сол жігердің арқасында көздеген межелеріңізге жете бересіздер.

Кәмілхан Жұматинов өмірлік зайыбын да осы зауытта жолықтырып, шаңырақ көтерді. Отанасының өзі химия өндірісінде 30 жыл еңбек еткен. Кейін ерлі-зайыптылардың ізін балалары жалғады. Қазір қызы Ләйлә компрессорлық бөлімнің операторы болса, ұлы Мерей энергиямен қамту цехының операторы болып еңбек етеді. Осылайша, бір отбасының химия саласындағы еңбек өтілі бір ғасыр болып отыр.

Мерей Жұматинов, минералды тыңайтқыштар зауыты энергиямен қамту цехының операторы:

- Кезінде әкем келіп, «анау былай болады, мынау мынадай болады» деп бәрін көрсетіп жүретін. Содан қызығушылығым оянып, электр энергетикасын таңдадым. Осы жаққа келіп практикадан өттім, кейін жұмыстың қыр-сырын түсіне бастаған соң, тіпті қызықты бола түсті. Содан осы жерде қаламын деп шештім. Жұмысым өте ұнайды, таңдауыма қуаныштымын.

Аймақта жыл санап жұмысшы мамандарына сұраныс артып отыр. Сондықтан биылдың өзінде колледждерге 4 жарым мың грант бөлінді. Сонымен қатар жыл басынан бері 31 мың адам жұмыспен қамтылды. Оған қоса, 1085 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберіліп, жаңа мамандық меңгерген. 

Серік Әлібеков, облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры:

- Оқыту курстары білім беру ұйымдарында, болмаса жұмыс берушілердің өздерінде тәжірибеден өте отырып, өздеріне қажетті білімдерін алып шығуға мүмкіндік беріп отыр. Осының нәтижесін олар да ары қарай тұрақты жұмысқа орналасуға зор мүмкіндіктері бар. Бекітілген құжаттамаларға сәйкес заңнама талаптарына сай 43 мың мен 45 мының аралығында степендия қарастырылған.

Жұмыссыз ретінде тіркелгендер үш ай ішінде тігінші, аспаз, дәнекерлеуші секілді сұранысқа ие мамандықтарды меңгере алады. Сонымен бірге әлеуметтік осал топтағы азаматтар 1 млн 700 мың теңге қайтарымсыз грант алып, кәсіп аша алады. 

Авторлары: Мерей Бает Тимур Сейілхан Елдар Байділдә

Сондай-ақ оқыңыз: